«Мен 200 шаршы метр үйде тұрамын» - Қостанай облысының әкімі өзі тұратын зәулім кешен жайлы
Қостанайдағы 14 коттеджі бар облыс басшысы тұратын алып кешенді күтіп-ұстауға жылына 50 млн теңге кетеді екен
Өткен жылы қостанайлық «Наша газета» басылымы Youtube желісінде Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов тұратын зәулім кешеннің видеосын жариялады. Видеода әкімдікке қарасты 14 коттедж бар екені, сол үйлерді ұстап отыру үшін жылына бюджеттен 50 млн теңге шығын кететіні туралы айтылады. Сондай-ақ жергілікті басылым қаладағы басқа жолдар жөндеуді талап етіп отырғанына қарамастан, облыс басшысы өзі тұратын кешенге апаратын жолды кеңейтіп жатқанын жазды.
Бүгін Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Орталық коммуникациялар қызметінде елордалық журналистерге баспасөз-конференциясын өткізіп, «Azattyq Ruhy» тілшісіне жергілікті басылымдар таратқан «резиденция» туралы пікір білдірді. Аймақ басшысы аталмыш кешенде орналасқан 14 үйдің бірінде тұратынын растады.
«Бұл резиденция емес, кешен. Маған дейін жұмыс істеген әкімдер ғана емес, облыстық партия комитетінің хатшылары да осындағы басшылық қызметтегілерге арналған үйлерде тұрды. Мен тұратын үйдің аумағы 200 шаршы метр. Мен сол жерде тұрамын», - деді ол.
Ал, кешенге апаратын жолға қатысты:
«Бір шақырымнан аса жол салынды. 500-600 метр жолды жөндедік. Бірақ, бұл біріншіден Амангелді ауылының тұрғындары үшін жасалды. Дәл сол жолда автотранспорттық өнеркәсіп орындары орналасқан. Сол үшін де оны кеңейттік. Ал әрі қарай жүрсеңіз, кешенге апаратын жол сол баяғыдай жағдайда екенін, кеңейтілмегенін көресіз», - деп түсіндірді.
Әкім 14 ғимараттан тұратын кешенді ұстап отыруға жылына 50 млн теңге кетеді деген ақпаратты растады. Ал отбасымен тұратын үйдің коммуналдық шығынын өз қалтасынан шығарып, айына 40 мың теңге төлейді екен.
«Өзім тұратын үйге мен өз қалтамнан ақша төлеймін. Түбіртегі де бар. Бұған дейін оны көрсеткенмін де. Маған дейінгі әкімдердің тұсында мұндай сұрақ көтерілмеген. Сондықтан, қате ақпарат тарату дұрыс емес деп ойлаймын», - деді А. Мұхамбетов.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан