$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
17.03.2021, 12:56
Жаңалықтар

Мәжіліс депутаты Ауыл шаруашылығы министрлігін сынға алды

Азамат Әбілдаев малды вакцинациялау мәселесінің дұрыс жүргізілмей жатқанын айтты

Мәжіліс депутаты Ауыл шаруашылығы министрлігін сынға алды
Фото: ашық дереккөзден

Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы және екі орынбасарының қызмет орындары жарты жылдан бері бос, бұған қоса ветеринария жөніндегі салалық вице-министр тағайындалмаған. Депутат Азамат Әбілдаев ҚР Премьер-министрінің орынбасарына жолдаған сауалында осылайша Ауыл шаруашылығы министрлігін сынға алды.

«Фермерлер мемлекет сатып алған вакциналарды қолдануға мәжбүр. 2020 жылы нодульдік дерматиттің таралуына байланысты әр түрлі вакциналау жүрді. Нәтижесінде мал қырылған фактілер аз емес. Мемлекеттен бруцеллез сияқты аса қауіпті мал ауруларын диагностика жасау үшін және санитарлық союды компенсациялау үшін жылына қаншама қаражат бөлінеді. Оның орнына, бұл қаражатты бруцеллез ауруына қарсы - міндетті вакцинациялауға жұмсаған жағдайда 2-3 жылда бұл індеттен толық құтылуға болар еді», - деді Әбілдаев.

Мәжіліс депутаты малдарға тағылатын биркалардың мәселесіне де тоқталып өтті. Ереже бойынша, төл туғаннан кейін бір апта ішінде тіркелуі тиіс. Ал, тіркелмеген жағдайда фермерлерге негізсіз айыппұл салынып, мемлекеттік қолдаудан да қағылуы мүмкін. Әбілдаевтың айтуынша, биркалар ең жылдам дегенде жаз айларында ғана келіп түседі. Бұл орайда министрлік, мәселені мемлекеттік сатып алу жүйесіне сілтеп, биркалармен уақтылы қамтамасыз ету бойынша өз міндеттерін дұрыс орындамай келеді екен. Сондай-ақ, елімізде ветеринариялық қызметтің материалдық-техникалық жабдықталуының нашар екені де айтылды.

«Зертханаларда реактивтер табылмай, реагенттердің жарамдылық мерзімі талапқа сай келмей жатады. Бұдан бөлек, жеке зертханаларға аса қауіпті ауру түрлеріне талдау жүргізуге тыйым салынған. Бұл салаға соңғы рет инвестиция 2013 жылдары құйылған. 

Мал шаруашылығының ақпараттық жүйесі 10 жыл бұрын әзірленген, бүгінде мұндай формат заман талабына сай емес. Блокчейін сияқты заманауи технологиялар бар. Онда мал иесі электронды өтінім жібереді, ал ветеринар келіп түскен өтінімді тіркеп қояды. Осындай көп арналылық әдістемені енгізу қажет», - деді депутат ұсынысын айтып.

Ветеринария саласына алаңдатушылық танытқан Мәжіліс депутаты аталған бағыттағы мамандардың тапшылығын да тілге тиек етті.  

«Бұл саладағы маман аз, оның бір себебі – мемлекеттік ветеринар дәрігерлердің еңбек ақысы орта есеппен – 70 мың теңге. Министрлік, ветеринарияға қажетті көңіл бөлмей отыр. Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы және екі орынбасарының қызмет орындары жарты жылдан бері бос, бұған қоса ветеринария жөніндегі салалық вице-министр тағайындалмаған», - деп нақтылады Азамат Әбілдаев.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары