ШҚО тұрғыны тіркемесі өртенген жүк көлігімен бірнеше шақырым жүріп өткен
Ер адамға өрт шыққаны жайлы басқа жүргізушілер белгі берді
Шығыс Қазақстан облысында жүргізуші тіркемесі өртенген жүк көлігімен бірнеше шақырым жүріп өткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ШҚО ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Республикалық маңызы бар «Алматы-Өскемен» тасжолының 680-шақырымында келе жатқан жүк көлігінің тіркемесін жалын шарпыған. Ер адамға өрт шыққаны жайлы басқа жүргізушілер белгі берді. Ол тоқтаған кезде тіркемесінің өртеніп жатқанын көріп, дереу «101» нөміріне хабарласты да, тіркемені көліктен ажыратқан.
Жол қызметінің жұмысшылары жалынды қармен басып өшірмек болды, алайда от дес бермеген.
Өрттің жалпы ауданы - 19,2 шаршы метрді құраған. Жалынның шығу себебі – қауіптілігі жоғары агрегатпен абайсыз жұмыс атқарудан болуы мүмкін.
Айта кетейік, 2021 жылдың басынан бері Шығыс Қазақстанда 45 автокөлік өртенген.