Түркістан облысында құрылатын жаңа ауданда халық саны 100 мыңнан асады
Сауран ауданының әкімшілік орталығы – Шорнақ ауылы
15 наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сауран ауданын құру туралы жарлыққа қол қойды. Бүгін жаңадан құрылған Сауран ауданының орталығы Шорнақ ауылында жаңа ауданның құрылуына орай салтанатты шара өтті.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жергілікті тұрғындармен кездесіп, жаңа ауданның даму жоспары жайлы бөлісті. Сондай-ақ кезінде ірі сауда орталығы негізінде құрылып, Ақ орданың астанасы болған Сауран атауы өзінің тарихи мәртебесін қайта алғанын айтты.
Жаңа Сауран ауданының әкімшілік орталығы – Шорнақ ауылы болады. Кентау қаласының құрамынан Шаға, Жаңа Иқан, Ескі Иқан, Үшқайық, Иассы, Оранғай, Қарашық, Жүйнек, Бабайқорған, Шорнақ, Жібек жолы, Майдантал ауылдық округтері шығарылып, Сауран ауданына өтеді. Жаңа ауданның құрылуына байланысты атқарылатын барлық іс-шаралардың жүзеге асуымен арнайы комиссия айналысады.
Қолданыстағы заңдарға сәйкес, Мемлекет басшысының ауданды құру туралы жарлығын орындау мақсатында әкімшілік құрылымын жасақтау үшін алдымен аудандық мәслихат құрылады. Тиісінше, мәслихат келісімімен аудан әкімі тағайындалып, ауданды басқару жүйесі және бюджеті бекітіледі. Құқық қорғау органдары мен министрліктердің аудандық бөлімшелері өз қызметін бастайды.
Облыс әкімі атап өткендей, алдағы 1-2 жылдың көлемінде барлық әкімшілік, әлеуметтік нысандардың құрылысы бітіп, пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Ал, әзірге бұл мемлекеттік органдар мен аудан әкімдігін қоса алғанда уақытша жекелеген нысандарды жалға алып, жұмысын жүргізеді.
Жаңадан құрылатын аудан халқының саны 100 мыңнан асатын болады. Кентау қаласына қарасты 12 ауылдық округінің жалпы көлемі 650 мың гектарды құрайды.