$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
04.03.2021, 16:47
Жаңалықтар

Петропавлда атышулы «Трио» тұрғын үй кешенінің құрылысы тоқтап қалды

Болашақ баспана иелері 10 жылдан астам уақыттан бері тұрғын үйдің тапсырылатынын күнін күтіп жүр

Петропавлда атышулы «Трио» тұрғын үй кешенінің құрылысы тоқтап қалды

Петропавл қаласында салынып жатқан «Трио» тұрғын үй кешенінің құрылысы тоқтап қалды. Нысандағы пәтерлердің басым көпшілігі сатылып кеткен. Болашақ баспана иелері 10 жылдан астам уақыттан бері жылжымайтын мүліктің тапсырылатынын күнін күтіп жүр. Себебі құрылысты бастаған «Казгродострой НС» серіктестігі «банкрот» деп танылып, жұмыс бірнеше жыл бойы тоқтап тұрған еді. Проблемалық үйдің құрылысы қайтадан қарқын ала бастағанда СҚО әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс және лицензиялау басқармасы жұмысты заңсыз тоқтатып тастаған.

ҚҰРЫЛЫСШЫЛАР МЕМЛЕКЕТТІК ҰЙЫМ ЖҰМЫСЫНА ШАҒЫМДАНДЫ

Бұл мәселе СҚО кәсіпкерлер палатасының бизнесмендердің құқығын қорғау және  жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте қаралды.  18 қабатты үш үйден құралаған «Трио» кешенін салып жатқан мердігер компания «Зерттеу СК» басшылығы кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі веомствоға  құрылыс жұмыстарының тоқтатылуы қаншалықта заңды екенін анықтап, мемлекеттік сәулет-құрылыс және лицензиялау басқармасының әрекетін тексеру жөнінде өтініш жасаған. 

Анықталғанындай, 22 қаңтар мен 3 ақпан аралығында басқарма мамандары құрылыс алаңында тексеріс жұмыстарын жүргізген. Бақылаушы орган инженерлік-геологиялық зерттеулер жөніндегі есеп дұрыс жасалмағаны, атап айтсақ, құрылыс жүргізудегі нормалар мен ережелерде қателіктер кеткенін көрсеткен. Мамандардың айтуынша ол қазір қолдынастан алынып тасталған ескі ереже. Осыны ескермеген мемлекеттік сәулет-құрылыс және лицензиялау басқармасы мердігерге аталған олқылықтарды жою жөнінде ескерту жасап, құрылыс жұмыстарын 3 ақпан күні уақытша тоқтатып тасаған.

«ҚР Кәсіпкерлік жөніндегі кодекстің 143-бабының 3-тармағына сәйкес инспектор бақылау парақтарында белгіленген талаптарды ғана тексеруге құқылы екенін ескеру қажет.  Мемлекеттік сәулет-құрылыс және лицензиялау басқармасының мамандары бақылау тізімінде бақылау парағының 4-ші тармағының талаптарының сақталмайын көрсеткендіктен, олар мердігер «Зертеу СК» ЖШС-нің нақты қандай құрылыс-монтаж жұмыстарын бұзғанын көрсетуі керек. Алайда, іс жүзінде құрылыс-монтаж жұмыстарын бұзу фактілері жоқ, тек бақылау парағының 4-тармағына қолданылмайтын, инженерлік-геологиялық ұйғарым туралы акті жасаудың бұзылуын көрсетеді. Тиісінше, ұйғарым заңды түрде жасалмаған. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі мобильді топ Петропавл қаласының прокуратурасымен бірлесе отырып, мемлекеттік сәулет-құрылыс және лицензиялау басқармасы жүргізген тексеріс нәтижесін талдадық. Заң бұзушылық болғанын ескере отырып, қала прокуроры заңсыз бұйрыққа наразылық білдірді», - дейді СҚО Кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқығын қорғау және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі бөлім басшысы Айдос Кеңбейілов. 

БАСҚАРМА БАСШЫСЫ МАРДЫМДЫ ЖАУАП БЕРЕ АЛМАДЫ

Сонымен қатар маман «Трио» тұрғын үй кешенінің құрылыс-монтаждау жұмыстарының тұжырымдамасы Заңның 1-бабының 32-тармағында көрсетілгеніндей, геотехникалық зерттеулерді қажет етпейтін құрылыс түрі екендігі туралы нақты көрсетілгенін айтты.

Инженерлік-геологиялық зерттеулер жөніндегі есептің құрылыс-монтаждау жұмыстарына қатысы қандай? Кеңес мүшелері тарапынан СҚО әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс және лицензиялау басқармасы басшысының м.а Біржан Көшербаевқа жолданған бұл сауалға мардымды жауап берілмеді. 

«Лицензиясы бар ұйым құрылыс жұмыстары басталғанға дейін жобалау құжаттарына жататын инженерлік-геологиялық зерттеулер туралы есепті жасайды. Соңғыларын бас мердігер - жобалау алдындағы құжаттамаға жауап бермейтін, әсіресе мемлекеттік сараптамаға жауап бермейтін лицензиясы бар басқа ұйым жүзеге асырады. Тексеру актісінде құрылыс-монтаждау жұмыстарының жобаға немесе мемлекеттік стандарттарға сәйкес келмеуі туралы айтылмайды. Даулы ұйғарым кімнің мүддесін қорғайтыны түсініксіз»,- дейді кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесінің төрағасы Инесса Қуанова.

Отырыс барысында мемлекеттік сәулет-құрылыс және лицензиялау басқармасы тарапынан жіберілген басқа да олқылықтардың беті ашылды. Құрылыс жұмыстарын тоқтатқан лауазымды тұлға жұмыс уақытынан тыс кезде, яғни 19.39-да ұйғарым шығарған. Жұмыс күнін ұзару жөнінде бұйрық болмағандықтан, ол мұндай құзіреттілікке ие емес. 

Мамандар «Зерттеу СК» серіктестігінің басшылығы сотқа шағымдануға құқылы екендігін жеткізді. Кеңес мүшелері ұйғарым күшінің тезірек жойылуы тиімді екенін де тілге тиек етті. Кәсіпкер заң көмегіне жүгінсе, мемлекеттік сәулет-құрылыс және лицензиялау басқармасы өз тарапынан жіберілген олқылық үшін шығындарды өтеуге міндеттелмек. Бірақ оның айыпты мамандар қалтасынан емес, тағы да мемлекет қазынасы есебінен жасалатыны айтпаса да түсінікті. 

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары