Елордада иесіз жатқан 2 мың шақырымға жуық инженерлік желі анықталды
Анықталған желілердің 1 мың шақырымы теңгерімге алынды
Нұр-Сұлтан қаласында 2 мың шақырым иесіз инженерлік желілер анықталды. Олардың қатарында электрмен, сумен жабдықтау, кәріз жүйесі және т.б. желілер бар. Бұл туралы қала әкімі Алтай Көлгінов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Әкімнің айтуынша, аталған желілер қараусыз жатқан: ауыстырылмаған және қолданысқа да берілмеген.
«Қазір шамамен иесіз жатқан 2 мың шақырым инженерлік желілер анықталды. Олардың қатарына электрмен, сумен жабдықтау, кәріз желілері және т.б. жатады. Анықталған желілердің 1 мың шақырымы теңгерімге алынды. Сонымен бірге 800-ден астам трансформаторлық қосалқы станция анықталды, оның 450-і балансқа алынды. Қалған желілер бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп, балансқа алуды тапсырдым. Бұл шаралар апаттық жағдайлардың туындау тәуекелдеріне жедел ден қоюға және оларды азайтуға мүмкіндік береді», - деп жазды Алтай Көлгінов
Алтай Көлгінов инженерлік желілер бойынша мәселелер кешенді түрде шешілетінін хабарлады. Әкімдік алдағы уақытта бұл бағытты да цифрландыру жүйесіне қоспақ.
«Ақылды қала» жобасы аясында инженерлік желілерді цифрландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл желілердегі жүктемені көруге, қай желіні ауыстыру қажет екенін, қай желінің қуатын арттырып, не азайту қажет екенін көруге мүмкіндік береді. Қағаз жүзіндегі желілердің орналасқан жері туралы деректер әрдайым сәйкес келе бермейді», - делінген хабарламада.