Зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау туралы өтініштер цифрландыру жүйесіне көшіріледі

Енді мүгедектікті белгілеу, жәрдемақыларды ресімдеу мен оңалту қызметтерін алу үшін түрлі инстанцияларға бару міндетті емес

Зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау туралы өтініштер цифрландыру жүйесіне көшіріледі

1 сәуірден бастап зейнетақы және жәрдемақы тағайындау жөніндегі өтініштер кез-келген ХҚКО-да қабылданады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов ОКҚ-да өткен брифингте айтты.

«Енді азаматтар қай жерде орналасқанына қарамастан, кез келген халыққа қызмет көрсету орталығында зейнетақы мен жәрдемақы тағайындауға өтініш бере алады. Қызметтерді кезең-кезеңмен ауыстыруды ағымдағы жылғы 1 сәуірден бастап іске қосу жоспарлануда», – деді Оспанов.

Яғни бұдан былай жаңа жүйе бойынша мүгедектікті белгілеу, жәрдемақыларды ресімдеу, техникалық құралдар мен оңалту қызметтерін алу үшін қазақстандықтарға түрлі инстанцияларға бару міндетті емес.

«Бұл жерде біз мүгедектікті сырттай белгілеу туралы айтып отырмыз – өтініш беруші тек медициналық мекемелерге жүгінеді, қалған процестер адамның қатысуынсыз ақпараттық жүйелерді интеграциялау арқылы өтеді: жәрдемақылар, әлеуметтік қызметтер және техникалық оңалту құралдары автоматты түрде тағайындалады», – деп хабарлады Ербол Оспанов.

Сондай-ақ, вице-министр мүгедектігі бар адамдардың техникалық құралдарды өздігінен таңдауына мүмкіндік беретін Әлеуметтік қызметтер порталы туралы айтып өтті.

«Әрине, ауылдық жерлерде интернетпен толық қамтылмау, тауарлар мен қызметтерді сапасыз жеткізушілер және әлеуетті жеткізушілердің шектеулі саны сияқты тежеуші факторлар да бар, бірақ бұл бағытта біз Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп жұмыс істейміз», – деді вице-министр.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.