Тараз қаласына жаңа әкім тағайындалды
Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Тараз қаласының әкімі болып Айтқазы Қарабалаев тағайындалды

Жақында Тараздағы 12 жастағы мектеп оқушысы зардап шеккен оқыс оқиғаға байланысты Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев қызметінен кеткен еді. Тараз қаласының әкімін қызметінен босатуды тапсырған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі болатын.
«Жамбыл облысының әкіміне Тараздағы 12 жастағы мектеп оқушысы зардап шеккен оқыс оқиғаға байланысты және жұмысында жүйелі кемшіліктер жібергені үшін Тараз қаласының әкімін қызметінен босатуды тапсырдым. Облыс әкіміне ескерту жасадым», - дейді Қ.Тоқаев.
Тоқаевтың тапсырмасынан кейін 2 сағат өтпей Тараз қаласының әкімі қызметінен босағаны жайлы ақпарат тарады. Ал, жаңа әкімді арада 12 күн өткеннен соң тағайындады. Аймақ басшысы Асқар Мырзахметов қала активіне шаһардың жаңа басшысын таныстырып, бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Өңір басшысы облыс орталығы болған соң қала әкіміне жүктелетін жауапкершіліктің салмағы да жеңіл болмайтынын атап өтіп, әлеуметті мәселелерді шешуде, экономиканы көтеруде табандылық пен жүйелі жұмыстың керектігін баса айтты.
Қарабалаев Айтқазы Дәулетқұлұлы 1966 жылы туған. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, Талдықорған заң институтын экономист және заңгер мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын Жамбыл облысы Шу ауданы «Дружба» қызылша кеңшарында жұмысшы болып бастаған. Алматы қаласы ТЭБ №54 инженер-технигі, Алматы қаласы «Хаир-Иксан» мәдени-ағарту қайырымдылық қоғамының коммерциялық директорының орынбасары, Алматы қаласы «Тигрохауд» сауда-өндірістік қауымдастығының сауда ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, директордың орынбасары, Тараз қаласы әкімі жанындағы экономика және сауда басқармасының бастығы, Тараз қаласы әкімінің орынбасары, Жамбыл облысы әкімінің жанындағы жергілікті бюджеттерге алымдар мен кейбір салық төлемдерін жинау жөніндегі агенттігінің директоры, облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар департаментінің директоры, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары, Жуалы ауданының әкімі, «Оңтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы Ұлттық компаниясының Жамбыл облысындағы өкілдігінің директоры, Талас ауданының әкімі қызметтерін атқарған.