$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
03.12.2019, 12:00
Жаңалықтар

Бензин бюджеттің «жыртығын» жамау үшін қымбаттайды

Жанармай акцизін өсіру бюджетке қосымша табыс әкеледі

Бензин бюджеттің «жыртығын» жамау үшін қымбаттайды

Премьер-министрдің орынбасары және Қаржы министрі Әлихан Смайылов бүгін Үкімет қабырғасында бензин бағасының қымбаттауына түрткі болған екі себепті атады.

«Біріншіден, бізде келесі жылы әлеуметтік салаға жұмсалатын шығын көбейеді. Осы салаға бюджеттен 5,3 трлн теңге бөлінсе,  келесі жылы 6 трлн бөлінейін деп отыр. Бұдан бөлек ұстаз мәртебесі туралы заң қабылданып жатыр. Алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдер мен балабақша тәрбиешілері жалақысы екі есеге өседі. Мұның бәрі қосымша ақшаны талап етеді», - деді ол.

Смайылов оған қоса  шағын және орта бизнесті 3 жыл бойына салықтан босату да бюджеттің бүйірін ортайтып тастағынан атап өтті.

«Сондықтан енді бізге табыстың бір бөлігі бензин акциздерінен түседі. Бірақ оны басты табыс көзі деп қарауға болмайды. Негізгі табыс кедендік салық әкімшілігін жетілдіру арқылы келеді. Бүгін өзім баяндағандай, республикалық бюджет түсімі соңғы 10 айдағы көрсеткіш бойынша өткен жылмен салыстырғанда 911 млрд теңгеге өсті. Жалпы, жыл соңына дейін бюджет қаржысы 1,2 трлн-ға көбейеді деп күтіледі.  Соның 840 млрды кедендік салық әкімшілігін жетілдірудің есебінен болады», - деді Ә.Смайылов.

Ал акциз бағасын өсіру бюджетке қосымша 50 млрд теңге түсіруге сеп болмақ.

«Акцизді қымбаттату келер жылғы табыс көзінің бірі болады. Екінші жағынан, Ресейдегі бензиннің қымбаттауы да бағаға әсер етпек. Бізде қазір АИ-92 163 теңге болса, Ресейде 260 теңге. Сондықтан мұнай өнімдері жаппай Ресейге қарсы экспортталып жатыр», - дегенді айтты Қаржы министрі.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары