$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
03.12.2019, 11:18
Жаңалықтар

Қызылордадағы апат: Автобуста мұнайшылар болған

Аударылған автобус Шымкенттегі белгілі бизнесменге тиесілі

Қызылордадағы апат: Автобуста мұнайшылар болған

Бұл туралы әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жанат Әбдірахманов айтты.

«Автобус Шымкент қаласында тіркелген, Құмкөлде жұмыс істейтін мұнай компаниясына тиесілі. Үлкен автобус. Ішінде 50-дей адам болған. Олар - сол компанияда жұмыс істейтін Қазақстан азаматтары. Барлығы Шымкенттен Құмкөл кен орнына жұмысқа бара жатқан еді. Қазір оқиға орнында ІІМ, Төтенше жағдайлар комитеті өкілдері жұмыс істеп жатыр. Автотехникалық сараптамадан кейін қосымша ақпарат береміз», - деді ол.

Соңғы мәліметтер бойынша апаттан  8  адам ажал құшты. Жарақат алғандар  саны 21 адам.

«Саутс-Ойл» ЖШС-ның ресми сайтындағы мәліметтерге сүйенсек, мекеменің иесі шымкенттік белгілі кәсіпкер Серікжан Сейітжанов. 2001 жылы құрылған компания негізінен Қызылорда облысында мұнай шикізатын өндірумен айналысады. «Тереңөзек мұнай өнімдері» ААҚ -ның 43%-ы осы «Саутс-Ойлға» тиесілі.

Аталған апат бойынша Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов та пікір білдірді. Оның қолындағы ақпарат бойынша 6 азамат хәлі мүшкіл болғандықтан облыстық медициналық ауруханада жатыр. 16 адамның аухалы орта деңгейде, 7 адам жеңіл жарақат алған.

«Барлық науқасқа тиісті көмек көрсетілуде. Санавиация апат орнына барды. Науқастарды республикалық медициналық орталықтарға ауыстыру қажет болса, ауыстырамыз. Жағдай бақылауымызда», - деді министр.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін  Қызылордадан 85 шақырым жерде көктайғақтан жүргізуші рөлге ие бола алмай, автобус жолдан шығып кетті. Оқиға таңғы сағат 05:25-те болған. Апат орнында құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары