Қазақстанның шалғай ауылдарында вакцинация қалай жүргізіледі?
Ел бойынша 786 егу пункті ашылды
Ауылдарда вакцинация жүргізу үшін жылжымалы егу пунктері ұйымдастырылды. Бұл туралы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті вакцинамен басқарылатын инфекцияларды бақылау басқармасының басшысы Нұршай Әзімбаева айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Жылжымалы егу пунктері арнайы температуралық режимді ұстайтын контейнерлермен және термоконтейнерлермен жабдықталған. Жылжымалы егу бригадаларында дәрігерлер мен медбикелер бар. Олар арнайы дайындықтан өткен. Егу пункті болмаған жағдайларда бригадалар жіберіліп, барлық елдімекен қамтылады», - деді Нұршай Әзімбаева.
Ал бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясовтың айтуынша, ел бойынша 786 егу пункттері ашылды, олардың 170-і іске қосылған. Барлығы суық тізбекті қамтамасыз ету үшін қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. 9 мыңнан астам медицина қызметкері арнайы оқытылған.
«Вакцинациядан қорғаныс әсері, яғни коронавирусқа қарсы антиденелер шығару бірінші дозаны енгізгеннен кейін 12-14 күн өткенде басталатынын еске салғым келеді. Толық иммунитетті қамтамасыз ету үшін 21 күндік аралықпен екі компоненттен тұратын вакцинацияның толық курсын алу қажет. Вакцина 1,5 ай ішінде ағзаның иммундық реакциясын тудырады, сондықтан екпе алғандар алдын-алу шараларын сақтау керек», - деді Ерлан Қиясов.
Еске салайық, Қазақстанда жаппай вакцинация 1 ақпанда басталды. Ресейлік «Спутник V» вакцинасы ерікті түрде салынып жатыр. Ал қазақстандық вакцина клиникалық сынақтың үшінші кезеңінде.
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың сөзінше, алғашқы жартыжылдықта 2 миллион адамды вакцинациялау жоспарланған. Жалпы вакцинация 6 кезеңге бөлінеді.