Вице-министр карантиннің қандай жағдайда тоқтайтынын айтты
Ол үшін халықтың басым бөлігін вакцинациялау қажет
Денсаулық сақтау вице-министрі, Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов Қазақстанда карантиннің толық алынып тасталу мерзімі туралы болжам жасау ерте екенін айтты.
«Қазір карантинді толық алып тастау туралы айтуға әлі ерте. Бірақ, болжам жасайтын болсам, бұл үшін барлық өңірлер «жасыл» аймақта болуы қажет деп ойлаймын. Ол үшін ауру 100 мың адамға шаққанда 25-тен аспауы тиіс. Ал таралу коэффициенті 1-ден төмен болуы қажет. Бұл біз алдағы уақытта бағдарлай алатын ықтимал критерилердің бірі», - деді Ерлан Қиясов ОКҚ брифингінде.
Бас санитар халықтың басым бөлігін вакцинациялаумен толық қамту қажет екенін және вакцина бойынша ұжымдық иммунитет кемінде 50-60 пайызды құрауы тиіс екенін атап өтті.