Үкімет, Ұлттық банк және АРРФР жаңа келісім жасасты
Бірлескен шараларды іске асыру үш бағыт бойынша жүзеге асырылады
ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (АРРФР) арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы келісім қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі primeminister.kz-ке сілтеме жасап.
Премьер-министр осы келісім ағымдағы жағдайларда Үкімет пен қаржы реттеушілерінің келісілген іс-қимылын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Халықтың өмір сүру деңгейі мен әл-ауқатын арттыру - елдің әлеуметтік-экономикалық саясатының негізгі басымдығы. Ол үшін ақша-кредит, салық-бюджет және құрылымдық саясаттарды, сондай-ақ қаржы секторын дамыту саясатын үйлестіру қамтамасыз етіледі», - деді А.Мамин.
Бірлескен шараларды іске асыру үш бағыт бойынша жүзеге асырылады.
- «Макроэкономикалық тұрақтылықты арттыру» бағыты шеңберінде төмен инфляция, қаржы жүйесінің тұрақтылығы мен экономиканың өсуі арасындағы теңгерімді қамтамасыз ете отырып, іскерлік белсенділікті ынталандыру бойынша шаралар қабылдады. Инфляцияны біртіндеп төмендету және оны орнықты экономикалық өсуге ықпал ететін төмен деңгейде сақтау жөніндегі жұмыс жалғастырылады.
- «Қаржы нарығын дамыту» екінші бағытын іске асыру қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын қабылдауды көздейді. Қаржы жүйесінің тұрақтылығын және экономиканың өсуін қамтамасыз ету қажеттілігін ескере отырып, нарықтық тетіктер негізінде экономиканы банктік кредиттеуді едәуір кеңейту жөнінде шаралар қабылданады.
- «Экономикалық өсудің ұзақ мерзімді әлеуетін арттыру» үшінші бағыты шеңберінде бәсекеге қабілетті шикізаттық емес секторға негізделген экономиканың жаңа құрылымын қалыптастыруды ынталандыру, қосылған құнның өңірлік және жаһандық тізбектеріне ендіру бойынша жұмыс жалғасады.
Белсенді сыртқы сауда саясатын жүргізу, сондай-ақ инвестициялардың жаңа толқынын тарту жалғастырылады.
«Жаңа экономикалық шынайылық жағдайында халықтың өмір сүру сапасы мен әл- ауқатының артуымен қатар жүретін экономиканың сапалы және тұрақты дамуы үшін жағдай жасайтын түбегейлі жаңа институционалдық қаңқа қалыптастырылады», - деді А.Мамин.
Премьер-министр барлық мүдделі мемлекеттік органдарға келісім іс-шараларының белгіленген мерзімде сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.