Министрлік «АрселорМиттал Теміртауға» қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізеді
Жаңа экологиялық кодекске сәйкес, ірі кәсіпорындар соңғы үлгідегі сүзгілерді енгізуі тиіс болатын
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ға қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тексеруге Қарағанды облысы бойынша экология департаменті жүргізген зерттеуге сәйкес, атмосфераға ластаушы заттар шығарындыларының рұқсат етілген нормадан асып кету дерегі себеп болған.
Сонымен, 19 ақпан күні сағат 16: 30-да үрлеу-тазарту кезінде газды тазартатын алғашқы скруббердің қабырғаларына жабысқан шаң N2 конвертерге құлаған. Балқыту жұмысы дереу тоқтатылды.
Экология министрлігі аймақтағы экологиялық ахуалға қатысты азаматтардың алаңдаушылығына назар аударып, қандай да бір фактілерге қатысты жедел шаралар қабылданатынын мәлімдеді.
Жаңа экологиялық кодекске сәйкес, ірі кәсіпорындар ең озық қолжетімді технологияларды (ОҚТ), яғни бүгінгі күні шығарындылар деңгейін барынша төмендету үшін соңғы үлгідегі сүзгілерді енгізуі тиіс. Бұл талап заңмен бекітілген және биыл күшіне енеді.
Сонымен қатар, 2019 жылдың қазан айында Экология министрлігі аталған компаниямен 2023 жылға дейін шығарындыларды 30%-ға төмендету туралы меморандумға қол қойғанын хабарлаймыз. Өңір тұрғындарының қатысуымен өткен соңғы кездесу кезінде министр Мағзұм Мырзағалиев «АрселорМиттал Теміртау» басшылығынан сәуірде шығарындыларды нақты жоспармен және сандармен азайту жөніндегі стратегияның таныстыруды талап етті.