$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
29.11.2019, 23:09
Жаңалықтар

Оралда күйеуі кепілде ұстаған әйел ауруханаға түсті

Күйеуі оны қабырғасынан пышақпен жарақаттапты

Оралда күйеуі кепілде ұстаған әйел ауруханаға түсті
Фото: ашық дереккөзден

Оралда алты сағат бойы кепілде болған әйел бүгін ауруханада жатыр. Нотариус болып істейтін Ираида Исламғалиеваны кеңсесінде өз күйеуі қорқытып ұстаған. Оны қабырғасынан пышақпен жарақаттапты, , деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ktk.kz-ке сілтеме жасап.

Елді дүрліктірген азамат қазір қамауда. Ал оның «жарып жіберемін» деп қорқытқан қолындағы гранатасы ойыншық болып шықты.

Орал шетіндегі Зашаған кентінің тұрғындары кешелі бері дүрлікті. Төртқабатты үйде тұратындар қас қарайғанша үйіне жолай алмай әуреге түсті. Себебі төмендегі нотариалдық кеңседе 41 жастағы жігіт ағасы келіншегін пышақпен қорқытып, алты сағат бойы қамап ұстаған. «Граната жарамын» деп елдің зәресін алып, келіссөзге келгендерге ойына келген талабын қойыпты. Тіпті сұратқан шампан мен тәтті кәмпитке де көнбеген. Тәртіп сақшылары бірден шабуылдауды жөн көрмедік деп отыр. 

«Бірде-бір қару қолданған жоқ. Ол жерде министрдің де, әкімнің де талабы сондай болды. Тек сөйлесу арқасында. Ақсайдан апасы мен ағасын шақырдық», дейді БҚО ПД басшысының міндетін атқарушы Серік Сүйенбаев.

Алты сағаттан аса жүргізілген келіссөзден соң Ерлан Исламғалиев берілген. «Жарамын» деп қорқытқан қолындағы гранатасы ойыншық болып шықты. Оны нотариус келіншегіне келмес бұрын аңшылардың дүкенінен сатып алған. Кепілге алған кезде әйелін қабырғасынан пышақтапты. Ираида Исламғалиева қазір ауруханада жатыр. Нотариусқа көрші кеңседегілер ерлі-зайыптылардың ұрыс-керісін «бұрын көрмедік» деп отыр.

 41 жастағы Ерлан Исламғалиев әйеліне жәбір көрсеткені үшін бірнеше рет сот алдына барыпты. Судья екі рет әйеліне хабарласу және жоламау туралы шешім де шығарған. Енді бұл жолы оған тағылған айып – ауыр. Ол келіншегін кепілге алғаны үшін қамауға алынды.

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#Орал