Алматы облысында 231 адам баспанасынан айрылуы мүмкін
Жазда қоныс тойын тойлағандардың қуанышы көпке созылмады. Жауапты басқарма тексеру жүргізіп, Талғар аудандық әкімдігінің заңсыздыққа барғанын анықтады
Алматы облысында 231 адам баспанасынан айырылуы мүмкін. Себебі Белбұлақтағы олар үй тұрғызған аумақты жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылайтын облыстық басқарма заңсыз деп танып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ktk.kz-ке сілтеме жасап.
Жұрт біразы 6 сотық телімін жиған ақшасына сатып алса, өзгелері бөліп төлеп жүр. Ал тұрғындарға тиесілі жер актісін Әділет министрлігі «заңды» деп танып, тіркеуден өткізіпті.
«Мемлекеттік шенеуніктер осыған дейін неге алдын ала айтпаған? Неге алдынала бәрін қадағаламаған? Өйткені мемлекеттік акті дұрыс емес болатын жағдайда алдын ала салмайтын да, сатып алмайтын да едік қой. Қаншама адам – 240 адам далада қала ма?» - дейді Белбұлақ ауылының тұрғыны Тимур Жапаров.
Белбұлақта үй тұрғызғандардың барлығы «Юпитер Далекс» компаниясы арқылы жер теліміне қол жеткізген. Яғни суы, жарығы тартылып, жол салынған жерді көргенде қуандық дейді. Кейбірі жердің ақысын әлі де бөліп төлеп жүр.
Жазда қоныс тойын тойлағандардың қуанышы көпке созылмады. Жауапты басқарма тексеру жүргізіп, Талғар аудандық әкімдігінің заңсыздыққа барғанын анықтады. Яғни, 18 гектар аумақтағы шаруа қожалығына арналған жерлерді «бағбандық» деп өзгерткен.
«Аталған жер учаскесінің нысаналы мақсаты – шаруа қожалығын жүргізуден «бағбандық құрылыс» жүргізуге ауыстырылған және аталған жер учаскесі 231 жер учаскеге бөлшектелген. Алайда Жер кодексінің 97 бабына сәйкес, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер ерекше қорғауға жатады. Олардың нысаналы мақсатын өзгертуге тыйым салынады», - дейді Алматы облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының бөлім басшысы Асылхан Байшоранов.
Жер кодексіндегі аталған талаптар былтырдан бастап қолданысқа енді. Тұрғындар мен басқарма өкілдерінің талабы енді сотта қаралуда. Тұрғындар азаматтық сотта жеңіліп далада қалудан қорқады. Себебі, көбі құрылыс материалдарына қол жеткізу үшін банктен несие алған, өзгесі қаладағы пәтерін сатып осы жерден баспана тұрғызыпты.