Атырау облысында карантиндік шектеу шаралары ұзартылды
Шектеу шаралары облыс аумағындағы ахуалдың өзгеруіне сәйкес қайта қаралуы мүмкін

Атырау облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Мәдениет Танауовтың жаңа қаулысы шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстың бас санитар дәрігерінің2021 жылғы 10 ақпандағы №3 «Атырау облысындағы шектеу карантиндік шаралары және оларды кезең-кезеңімен жеңілдету туралы» қаулысында карантиндік шектеу шараларының тағы да ұзартылатыны айтылған.
«Атырау облысы аумағында эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін шаруашылық және (немесе) өзге де қызметпен және халықтың тыныс-тіршілігінің ерекше жағдайларымен шектеу шаралары ұзартылсын. Шектеу іс-шараларының режимі мен мерзімдері облыс аумағында COVID-19 коронавирустық инфекциясының таралуы бойынша ахуалдың өзгеруіне сәйкес қайта қаралуы мүмкін», - делінген қаулыда.
Өңірдің Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес:
- Мәдени нысандардың, кинотеатрлардың, театрлардың қызметіне отыратын орынның 20%-нан асырмай рұқсат берілді.
- Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдары қызметкерлерінің кемінде 60%-ын «қашықтан» жұмыс нысанына ауыстыру.
- ХҚКО жұмысына сенбі күні 09.00-ден 13.00-ге дейін рұқсат берілді.
- Білім беру объектілеріндегі қоғамдық тамақтану нысандарының қызметіне рұқсат етілді.
- Сауда үйлері мен сауда орталықтары, азық-түлік және азық-түлік емес базарлардың жұмыс уақыты 09.00-ден 20.00-ге дейін ұзартылды.
- Қоғамдық тамақтану объектілеріне сағат 08.00-ден 24.00-ге дейін, ұжымдық іс-шаралар өткізбей, 50-ден аспайтын отыратын орын орнатып, 50% дейін толтырылуымен жұмыс жасауға рұқсат етілді.