Нұр-Сұлтанда биыл қолжетімді баспана саны 10 мыңға дейін көбейеді
Оның бір бөлігі тұрғын үй кезегінде тұрғандарға беріледі

Нұр-Сұлтанда тұрғын үй сертификаттарының мөлшері 1 млн теңгеден 1,5 млн теңгеге көбейтілді. Бұдан бөлек, елорда әкімі Алтай Көлгінов «Шаңырақ» (5-10-20) бойынша тұрғын үй сертификаттарын алушылар санатын кеңейту туралы бастама көтерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Егер, бұрын тізімге тек әлеуметтік жағынан аз қамтылған санаттағылардың 3-і ғана кірсе, енді оған барлық тоғыз санат та кіретін болды.
«Тұрғын үй мәселесі – ең маңызды бағыттың бірі. Тұрғын үй сертификатына қоса «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы (Қазақстандық ипотекалық компания)» АҚ-мен бірлесіп жүзеге асырып жатқан бағдарламаға да өзгеріс енгізілді. Мұнда біз әлеуметтік пәтер алушылар санатын кеңейттік. Бұл әлеуметтік пәтерлерді тек медицина қызметкерлері мен мұғалімдер ғана емес, сонымен бірге - өрт сөндірушілер, әлеуметтік мамандар, мәдениет және спорт қайраткерлері, Полиция департаментінің қызметкерлері де алуға мүмкіндіктері бар. Бұл бағдарлама бойынша бастапқы жарна пәтер құнының 1 пайызын құрайды. Тұрғын үйді алдағы уақытта жекешелендіріп алуға болады», - деді елорда әкімі Алтай Көлгінов.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қолжетімді баспана көлемінің құрылысы артты. Егер 2018 жылы 1 100, 2019 жылы 2 900, 2020 жылы 7 мыңнан аса әлеуметтік пәтер берілсе, биыл бұл сан 10 мыңға көбейеді. Мұның бір бөлігі тұрғын үй кезегінде тұрғандарға, тағы бір бөлігі - «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы кезекте тұрғандарға беріледі.