Әлемнің 11 елінде қазақ тілін оқытатын онлайн сыныптар ашылады
«Қастерлі қалам» жобасы аясында жүзеге асатын игі бастама шетелдегі қандастарға өз тілін ұмытпауға мүмкіндік жасамақ
Елордада өткен «Отандастар. Болашаққа бағдар» атты халықаралық жиында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев «Қастерлі қалам» жобасы аясында әлемнің 11 елінде қазақ тілін оқытатын 31 онлайн сынып ашылатынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Әлемнің 20 елінен келген қандастар бас қосқан шарада шеттегі қазақтардың тарихи Отанымен мәдени-гуманитарлық байланысын күшейту мәселесі қаралды. Бүгінде әлемнің 43 елінде 5 миллионнан астам қазақ бар. Тағдырдың жазуымен өзге елді қоныс еткенімен, олар әлі де ата жұртымен байланыс үзбеген. Қазақ елі де қандастарын барынша қолдап, рухани демеп келеді. Қазақ диаспорасы көп елдерде «Қазақ үйлері» ашылатын болды. Бұл осы елдердегі белсенді қазақ мәдени бірлестіктерінің басын қосуға зор мүмкіндік болмақ.
Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығының 5-құрылтайында құрылған «Отандастар» қоры қазір қанатын кеңге жайып, шеттегі қазақ қоғамымен тығыз ықпалдастық орнатуда. Енді этникалық қазақтардың елімізге көшу рәсімі де жеңілдей түсетін болды. Қазір жүйелі шаралар әзірленіп жатыр. Атажұртқа көш түзегендердің «қандас» мәртебесіне өтішін бергеннен бастап қазақстандық құжат алуына дейінгі уақыт қысқармақ. Әрі қандастардан сұралатын құжат саны 46-дан 20-ға дейін азайып, оларды «бір терезе» бойынша қабылдайтын болады.