Оралда кепілге алынған әйел босатылды - ІІМ
Оралда күйеуі кепілге алған әйелді босату операциясына арнайы жасақ сарбаздары қатысты
Күйеуі алты сағаттан астам уақыт бойы кепілдікте ұстаған нотариус әйел босатылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Қазақстан Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Оралда кепілге алынған әйелді босату операциясы аяқталды, қаза болғандар жоқ. Полицияның арнайы жасағы қару мен арнайы құралдарды пайдаланбай, қаскүнемді залалсыздандырды», - деп жазылған хабарламада.
Кепілге алынған әйелдің күйеуімен сағат 13:10-нан бастап (Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 14:10) 6 сағаттан астам уақыт келіссөз жүргізілді.
Диалогқа оның жақын туыстары мен достары да тартылды.
Ұзаққа созылған келіссөздерден кейін ол әйелін босатты, оны дереу арнайы жасақ қызметкерлері ұстады.
«Әйел аяғынан пышақ жарақатын алған. Жәбірленуші босатылып, дәрігерлерге тапсырылды. Қазір онымен психологтар да жұмыс істеп жатыр», - деп хабарлады полицейлер.
Қазақстан Қылмыстық кодексінің 261-бабы (Кепілге алу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.