Екібастұзда көлікжайда тұрған автокөлік өртеніп кетті
Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ
Екібастұз қаласында көлікжайда тұрған автокөлік жанып кетті. Өрт сөндірушілер жалынның көрші тұрған жеке үйге көшуінің алдын алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
«31 қаңтарда сағат 11:23-те № 2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің байланыс пунктіне Екібастұз қаласында Жамбыл көшесі, 12 үй мекенжайы бойынша жеке тұрған көлікжайда көліктің жанғаны туралы хабарлама келіп түсті. Шақыру орнына бірден ауысымдағы кезекші топ жіберілді», - деді баспасөз қызметінде.
Оқиға орнында жеке меншік үйдің аумағындағы көлікжайда 1995 жылы шыққан Subaru маркалы автокөлігінің және сонда қойылған үй заттарының, тұрмыстық жиһаздың толығымен жанып кеткені анықталды. № 2 кезекші ауысымның жедел іс-қимылдарының арқасында 1 газ баллоны шығарылды. Өрт жақын маңдағы жеке тұрғын үйге таратылмай сөндірілді. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.