$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
28.01.2021, 12:12
Жаңалықтар

Келесі жылдан бастап нотариаттық құжатқа QR-код беріледі

Интернет жоқ елдімекендерде бұл жүйе қағаз жүзінде жүргізіле береді

Келесі жылдан бастап нотариаттық құжатқа QR-код беріледі
көрнекі сурет

Нотариаттық қызметтерді заманауи әдіске көшіру - Парламент депутаттарының ұсынысы. Яғни, нотариаттық құжаттардың электрондық нысанда сақталуын, есепке алынуы мен пайдаланылуын қамтамасыз етететін электрондық жүйе құру көзделіп отыр. Бастамашы топтың атынан баяндама жасаған сенатор Ләззат Сүлейменова заң жобасының тиімділігін атап өтті.

«Бұл жерде, заң жобасы қағаздағы құжат пен электрондық құжаттың тең мәнділігін куәландыруды қамтамасыз етуді де міндеттеп отыр. Нотариаттық құжатқа QR-код беріледі, осы негізде сақталады, түпнұсқалығы расталады. Бұл репозитарий 2022 жылғы 1 қаңтарынан бастап жүзеге аса бастауы тиіс», - деді сенатор.

Сондай-ақ нотариус қызметіне қатысты шағымдарды қарайтын тәртіптік комиссия құрылмақ. Сенат депутаты былтыр еліміз бойынша 33 нотариустың лицензиясы уақытша тоқтатылғанын айтты.

Заң жобасын талқылауда қосымша баяндама жасаған депутат Сәуле Айтпаева бұл жүйені енгізуде әлі де олқылықтардың бар екенін атап өтті.

«Технологиялар заңның орнын баса алмайды, ал интернетке қатысты проблема әлі де бар. Сондықтан адамдар жүйеден өздері туралы ақпаратты ақысыз ала алатын Бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйенің жаңа функциясымен, яғни ақпараттың қауіпсіздік пен қорғалуын Республикалық нотариустар палатасы және оның цифрлық серіктестері (Ішкі істер министрлігі, ЗАГС, Банк, Салық, Әділет министрлігі, Жылжымайтын мүлік тіркелімі және т.б.) шешуі керек», - деді Сәуле Айтпаева.

Сондай-ақ, Әділет министрінің орынбасары Азамат Әмірғалиев интернет жоқ елдімекендерде бұл жүйе қағаз жүзінде жүргізілетінін мәлімдеді.

Қазір Қазақстанда 17 аймақтық, 1 республикалық нотариаттық палатада 4267 нотариус қызмет атқаруда.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары