$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
28.01.2021, 12:23
Жаңалықтар

Қазақстан Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексінде 38 балл жинап, 94 орынға жайғасты

Рейтинг бойынша 0 — жемқорлықтың жоғары, ал 100 балл ең төменгі деңгейі

Қазақстан Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексінде 38 балл жинап, 94 орынға жайғасты
Фото: ашық дереккөзден

Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексінде Қазақстан алғаш рет 38 балл жинап, 19 позицияға көтерілді. Осылайша 180 мемлекеттің ішінен 94 орынға жайғасты.

2020 жылғы сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексін (CPI) бүгін Transparency International сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаһандық қозғалысы жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. 

Бұл жолғы баспасөз конференциясы «Сыбайлас жемқорлықтың Денсаулық сақтау жүйесіне нұқсан келтіретін әсері және COVID-19 пандемиясының аясында елдердің демократиялық қағидаларын бұзуы» тақырыбында өтті.

2020 жылдың қортындысы бойынша, Қазақстан 38 балл жинап, әлем бойынша 94 орынды иеленді.

Жемқорлық фактісі 9 дереккөз негізінде бағаланды.

«Қазақстан билігі Денсаулық сақтау шығындары туралы қаржылық ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігіне, журналистердің, құқық қорғаушылар мен азаматтық қоғам өкілдерінің қызметін негізсіз шектеуге байланысты демократиялық бостандықтардың бұзылуына жол берді», - делінген ресми ақпаратта.

Бұл рейтингте Дания мен Жаңа Зеландия 88 ұпай жинап көш бастады. Сирия, Сомали және Оңтүстік Судан сәйкесінше 14, 12 және 12 ұпаймен соңғы орындарды иеленді.

Өңірлік бөліністе Батыс Еуропа елдері үздік болып шықты, оларда сыбайлас жемқорлықты қабылдау деңгейінің орташа балы 66 балды құрады. Ең аз балл жинаған аймақтар – Сахараның шығысындағы Африка (32) және Шығыс Еуропа мен Орталық Азия (36).  Қазақстан EОA (Еуропа және Орталық Азия) елдері тобында бағаланды.

Шығыс Еуропа мен Орталық Азия аймағында 19 ел бағаланды. Көшбасшылар: Грузия – 56 балл, Армения – 49 балл, Беларусь – 47 балл, Черногория – 45 балл, Түркия – 40 балл, Қазақстан – 38 балл және Сербия-38 балл болды.

«COVID-19 Денсаулық сақтау және экономика саласындағы дағдарысты ғана емес, сонымен бірге сыбайлас жемқорлықтың толқынын тудырды, оның зиянды салдары жаһандық көмектің әділ және тең берілуіне кедергі келтіріп, көптеген адамдардың өліміне әкелді», - дейді халықаралық сарапшылар.

Айта кетерлігі, Трансперенси Интернешнл – 25 жылдан астам сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізіп келе жатқан жаһандық азаматтық ұйым.

Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі – мемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлықтың жетекші жаһандық көрсеткіші.

Бизнесмендерге жүргізілген сауалнамалардың және сараптамалық бағалардың 13 түріне сүйене отырып, Трансперенси Интернешнл сарапшылары нөл мен 100 аралығында сыбайлас жемқорлық деңгейін анықтайды. Мұндағы, 0 — жемқорлықтың жоғары, ал 100 – ең төменгі деңгейі.

2020 жылы мемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлықты қабылдау бойынша 180 мемлекет бақылаудан өтті.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары