ШұғылЕлімізде коронавирустан жазылғандар саны 196 мыңнан асты

«Nur Otan»-ның сайлауалды бағдарламаларын іске асырудың жол картасы бір ай ішінде әзірленеді – Бауыржан Байбек

Нысаналы индикаторлар мен жауапты орындаушылар белгіленеді

«Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек еліміздің барлық аудандарында, қалалары мен облыстарында жаңа шақырылымдағы мәслихаттардың бірінші сессиясы өткенін хабарлады. Айтуынша, «Nur Otan» фракциясы сайлау қорытындысы бойынша барлық деңгейдегі өкілді органдардың басым бөлігін қалыптастырып, мандаттардың жалпы санының орташа алғанда 80%-дан астамын құрады.

«Партиямыздың депутаттық корпусы алғашқы күннен бастап сайлауалды уәделерді іске асыруға кірісті. Сонымен, «Nur Otan»-ның сайлауалды бағдарламаларының негізінде 2025 жылға дейінгі 216 аумақтық даму бағдарламасы бекітілді.

Біздің сайлауалды басымдықтарымыз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында халықпен, оның ішінде шалғай елді мекендер тұрғындарымен жан-жақты талқылау қорытындысы бойынша қалыптастырылды. Тек праймериз барысында біз азаматтардан 20 мыңнан астам ұсыныс жинадық. Бұдан бөлек үгіт-насихат кездесулері кезеңінде тағы 42 мыңнан аса аманат түсті. Олардың 65%-тен астамы аймақтық бағдарламаларды бекіту кезінде ескерілді.

Елбасы, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, «Nur Otan» депутаттары әрбір өңірде, қала мен ауданда барлық сайлауалды міндеттемелердің орындалуына жүйелі бақылауды қамтамасыз етуі тиіс», - деп жазды ол.

Бауыржан Байбектің айтуынша, әрбір бағыт бойынша нысаналы индикаторлар мен мерзімдер қойылып, жауапты орындаушылар белгіленеді. Үкіметпен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, бір ай ішінде әрбір жылға нақты көрсеткіштері бар тиісті жол карталары әзірленіп, жария түрде қарауға ұсынылады.

«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап көрсеткендей, «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасы еліміздің әлеуметтік дамуын ілгерілетуге және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты шаралардың тиімді кешенін ұсынады.

Мақсаты айқын, нақты істер партиясы ретінде «Nur Otan» барлық деңгейде өзінің сайлауалды уәделерін іске асыруды қамтамасыз етеді! Қиындықты еңсеріп, жеңіске бірге жетеміз!», - деп жазды Б.Байбек.