СҚО диірмендері банкротқа ұшырап жатыр
Амалы таусылған кәсіпкерлер Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасынан көмек сұрады

Солтүстік Қазақстан диірмендерінің 70 пайызы банкротқа ұшыраған. Ұн өндіруші кәсіпкерлер шығынға батып жатқандықтарын айтып дабыл қақты. Оған жергілікті өнімнің негізгі тұтынушысы саналатын Өзбекстан, Тәжікстан және Ауғанстан сынды мемлекеттердің Қазақстаннан бидай алып, ұнды өздері өндіре бастауы себеп болған. Ұн үгу комбинаттары иелерінің айтыунша, «Қазақстан Темір Жолы» ҰҚ» АҚ-ның тауар тасымалына тарифтерді 30-35 пайызға күрт көтеріп жіберуі де жығылғанға жұдырық болып тиіп отыр.
Дөңгелетіп отырған ісі дағдарысқа ұшырап, амалы таусылған кәсіпкерлер Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасынан көмек сұрады. Ұн нарығында қалыптасқан қолайсыз жағдайға байланысты диірмендер өндіріс көлемін қысқартқан. Олар пайда таппақ түгілі, белшесінен шығынға батып жатқан көрінеді. Осының кесірінен кейбір нысандар жұмысшыларын толықтай таратып, жабылып қалған.
«Жергілікті ұн өндірушілердің алаңдаушылығын түсінуге болады. Олар өнімін өткізетін негізгі нарықты жоғалта бастады. Өзбекстан, Тәжікстан және Ауғанстан сынды негізгі тұтынушыларымыз Қазақстаннан алған бидайдан өздері ұн үге бастады. Олар бұл саланы біздің шикіаттың көмегімен дамытып жатыр. Осының есебінен аталған шет мемлекеттерде біздің бидайға деген сұраныс екі есе артып, ұн сату көлемі дәл осындай көрсеткішке төмендеп кеткен. Теміржол арқылы ұн тасымалының тарифі өте жоғары. Бұл Қызылжар өңіріне ғана емес, бүкіл республикаға қатысты проблема», - дейді Солтүстік Қазақстан облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Арман Оразғұлов.
ҰН ҮГУ КОМБИНАТТАРЫ ТҰРАЛАП ҚАЛДЫ
Солтүстік Қазақстан облысында 20 ірі ұн үгу комбинаты бар. Олардың барлығы дерлік толық қуатында жұмыс істей алмай тұр. Кәсіп иелері жағдай осылай жалғаса берсе сала толығымен дағдарысқа ұшырап, ұн мәселесіне келгенде импортқа қол жайып қалуымыз мүмкін деген болжамдарды да алға тартты.
«Біздің саланы ойлап ешкім бас қатырмайтын сыңайлы. Ұн экспортына қатысты мәселені көтеріп жүргенімізге бірнеше жыл болды. Бұл мәселе республикалық деңгейде көтеріліп, іске салаға жауапты министрлер кіріспесе болмайды. Ауыл шаруашылығы, Сауда және интеграция, Көлік және коммуникация ведомстволары жұмыс істеуі қажет. Біз өндіріс көлемінің 80 пайызын қысқартып, жұмысшылармен қоштастық. Қазір қызметкерлердің 10 пайызы ғана қалды. Қолымызда шикізат тұр. Қазіргі жағдайда оны өңдеп, экспортқа шығару тиімсіз болып қалды», - дейді Тимирязев ұн үгу комбинатының бас директоры Иса Алахяров.
Көрсеткіштерді сөйлетсек. 2012 жылы Өзбекстанға 658 мың тонна бидай, 1,2 миллион тонна ұн экспортталған. Ал 2020 жылы бидайдың 2,3 миллион, ұнның 650 мың тоннасы жөнелтіліпті. Тәжікістанға қатысты көрсеткіштер де осындай. Бүгінде отандық өнімге Ауғанстанның тарапынан ғана сұраныс бар. Кәсіпкерлер оның өзін жоғалтып аламыз ба деп алаңдап отыр.
Ұнның биржалық сауда тауарларының тізіміне енгізілуі жағдайды ушықтырып отыр. Егер сатылатын өнімнің көлемі 60 тоннадан асса, ол міндетті түрде биржа арқылы өтуі тиіс. Сонымен қатар Қазақстан Темір Жолы тарапынан Өзбекстанға тауар тасымалы тарифтерін 30-35 пайызға күрт көтеріп жіберуі ұн нарығын құлдыратып жіберген.
«Егер ұн биржа арқылы сатылса, онда оның өзіндік құны көтеріліп кетеді. Мәселен, сегіз вагон ұн экспорттайтын жағдайда біз брокерге 650 мың теңге ақша төлеуіміз керек. Егер биржаға диллер ретінде қатыссақ, 1,4 миллион теңге көлемінде қосымша шығын пайда болады. Бұның барлығы тауардың өзіндік құнына әсер етеді. Қазір біз ұнның бірінші сұрпын тоннасына 300 доллардан сатып жатырмыз. Ал өзбекстандық бәсекелестердің бағасы 15 долларға арзанырақ. Тың реформа бізді ұн нарығынан ығыстырып жібермек», - дейді «Сказка» ұн үгу комбинатының маманы Артем Зинченко.
Ұн өндірушілер өнімді биржалық тауарлар тізімінен алып тастауды талап етіп отыр. Диірменшілердің жанайқайына ұлттық кәсіпкерлер палатасы құлақ түріп, мәселені қолға алатындықтарын жеткізді. Бірақ күрмеуі кұрделі мәселенің біррер күн немесе аптада шешілмесі анық.
«Шын мәнінде бидай өңдеу саласы тығырыққа тіреліп отыр. Қазір дайын өнімді өткізе алмай отырмыз. Елімізде ұнның негізгі көлемін өндіріп отырған аймақта көрсеткіштер жыл сайын төмендеп барады. Диірмендер бос жатыр. Кәсіпкерлердің барлық арыз-шағымдары есепке алынып, «Атамекеннің» орталық аппарасына жіберіледі. Бұл мәселені тиісті министрліктерге, Үкіметке жолдаймыз. Алдағы уақытта проблема қаралып, оң шешімін табатынына үміт басым», - деді Арман Оразғұлов.
Кәсіпкерлер палатасына жиналған ұн үгу комбинаттарының басшылары да осындай үмітпен тарасты. Дегенмен, мәселе оңтайлы шешімін таппаса диірмендер жұмысын жалғасытыра ала ма деген күдік те толық сейілмеді.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО