$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
27.11.2019, 12:17
Жаңалықтар

Алматыда коммуналдық қызмет ақысын төлемегендердің дүние-мүлкін тәркілеу басталды

4 мыңнан астам тұтынушының суық су мен кәріз қызметіне қарызы 400 миллион теңгеден асады

Алматыда коммуналдық қызмет ақысын төлемегендердің дүние-мүлкін тәркілеу басталды
Фото: ашық дереккөзден

«Алматы су» МКК мамандары борышкерлерден қарызды қайтарудың өзге әдісіне көшті. Олар бұдан былай суық судың ақысын төлемеген тұрғындардың мүлкін тартып алады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Суды сұраусыз ішіп келгендерден ақы талап ететін қызметкерлер бұған дейін құбырды бітеп, қарызды қайтару туралы хабарламалар жіберумен шектеліп келген. Алматыда  коммуналдық қызметтің ішінде суық су мен кәріз қызметтерінің төлемі 5% - дан аспайды. Соған қарамастан қалада төлем жасамаудан жалтаратын халық көп.

«Біз бұл жұмыстарды енді бастадық. Бұрын пәтер немесе үйдің құбырын кесіп, тығындап кететінбіз. Енді мына жұмыстар жеке сот орындаушылары арқылы жүргізілмек. Мүлікті тәркілеу басталды. Алғашқы сәтте борышкерлердің үйіндегі теледидар мен авткөліктерін алып кеттік. Алдымен Бостандық ауданы бойынша жұмыстарды жүргізіп жатырмыз», - деді «Алматы Су» МКК ресми өкілі Ақбота Жылысова.

Бостандық ауданында тұратын екі тұрғынның жалпы берешегі 300 мың теңгеден асыпты. Бірі үйіндегі құнды теледидарынан, екіншісі көлігінен айырылды. Олар енді негізгі қарыздан бөлек сот орындаушылардың қызмет ақысын және айыппұлды төлеген соң ғана өздеріне тиесілі заттарды ала алады.       

Жалпы Алматыда 4281 борышкерге қатысты 322 миллион теңге сомасын өндірту туралы сотқа талап арыз түскен. Оның ішінде 215 миллион теңге сомасын  мәжбүрлеп орындау туралы сот шешімі шыққан.

Коммуналдық кәсіпорын басшылары қарыз ақшаны қайтарту үшін  16 жеке сот орындаушыны тартқан. Борышкерлердің ресми кірістері, банктердегі шоттары жоқ болса, олардың жылжымалы мүліктері жаппай тартып алынады. Ал алдағы аптадан бастап мұндай қатаң шара заңды тұлғаларға да қолданылады. Алматы Су» МКК ресми өкілі Ақбота Жылысованың айтуынша, заңды тұлғалар өзкеңселеріне кіре алмайтындай етіп есіктеріне мөр басып, компьютерлерін алу сынды жазалар қолданылады.

Оқи отырыңыз: «Алматы су» қарызға белшеден батқан байлардың тізімін жариялады

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы.

Серіктес жаңалықтары