ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 140 адамнан COVID-19 вирусы анықталды

Ұлттық банк «Quraq kórpe» монеталарын айналымға шығарды (ФОТО)

«Quraq kórpe» түрлі түсті басу технологиясын қолдана отырып күмістен дайындалды

Қазақстан Ұлттық банкі номиналы 500 теңгелік күмістен жасалған «Quraq kórpe» коллекциялық монеталарын айналымға шығарды деп хабарлайды Банктің баспасөз қызметі. Аталған монета «Дала қазынасы» монеталар сериясына жатады.

Сондай-ақ, Ұлттық банк номиналы 100 және 200 теңге болатын «Kόbelek. Lasiommata maera» коллекциялық монеталарын да айналымға шығарады. Олар мельхиор қоспасынан жасалған және «Қазақстанның флорасы мен фаунасы» монеталар сериясына жатады.

Аверсінде орталық бөлігінде «QAZAQSTAN RESPÝBLIKASY ∙ REPUBLIC OF KAZAKHSTAN» деген жазбаның қоршауында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы орналасқан. Төменгі бөлігінде – монетаның номиналы және монета дайындалған металды, оның сынамын және массасын білдіретін жазба бар. Монетаны айналдыра – ұлттық ою-өрнек.

Монетаның реверсінде қолдан жасалған құрақ көрпенің бейнесі, «Quraq kórpe» деген жазу, соғылған жылы және Қазақстан теңге сарайының тауар белгісі орналасқан.

«Quraq kórpe» монеталары 925/1000 сынамды күмістен дайындалған, массасы – 31,1 грамм, диаметрі – 38,61 мм,  дайындау сапасы – «proof», таралымы – 1 500 дана.

Ал, «Kόbelek. Lasiommata maera» монеталарының бет жағында (аверсінде) жануарлар мен өсімдіктерден құралған коллаж қоршауында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы, сол жақта Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің тауар белгісінің (логотипінің) бейнесі және монетаның номиналын білдіретін «200 TEŃGE/100 TEŃGE» деген жазба орналасқан. Монетаны айналдыра «QAZAQSTAN ULTTYQ BANKI» және «NATIONAL BANK OF KAZAKHSTAN» деген жазбалар.

Монеталардың сырт жағында (реверсінде) интерференциялық құбылмалы бейнелеуді және түрлі түсті басып шығаруды қолдана отырып көбелек бейнеленген, монетаның жоғарғы оң жақ бөлігінде «Kόbelek. Lasiommata maera» (латынша түр атауы) орналасқан. Төменгі бөлігінде монетаның атын және соғылған жылын білдіретін «Kóbelek 2019» деген жазба бар.