Алматыда басқарма басшысы ұсталды
Агенттік басқарма басшысының ұсталғанын растады
Әлеуметтік желіде Алматы қаласы жайлы қалалық орта және мобилділік басқармасының басшысы Сапар Нұрашевтың модульдік инфекциялық аурухана құрылысына бөлінген 5,5 млрд теңгенің 3,9 млрд теңгесін жымқырды деген күдікпен ұсталғаны айтылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтегілер басқарма басшысының ұсталғаны туралы ақпаратты растады.
«Алматы қаласы Жайлы қалалық орта басқармасының басшысы, 1975 жылы туған Сапар Сейілханұлы Нұрашевке және «Bi-Industrial» ЖШС директорына қатысты 2020 жылдың сәуірінде коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатындағы шараларды күшейту үшін 280 төсектік модульдік инфекциялық аурухана құрылысына бөлінген 5,5 млрд теңге бюджеттің 3,9 млрд теңге сомасындағы қаражатын ұрлады деген күдікпен ҚР Қылмыстық кодексінің 4-бөлімі 189-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары тіркелді. Жүргізілген аудит барысында келтірілген залал расталды», - делінген желіде тараған хабарламада.
Еске сала кетейік, Сапар Нұрашев Алматы қаласы жайлы қалалық орта басқармасының басшысы болып 2020 жылдың 22 маусымында тағайындалды. Оған дейін (2018 жылдан бастап) Сапар Нұрашев басқарма басшысының орынбасары қызметін атқарды.
Оқи отырыңыз: Алматыда 5 млрд теңгеге салынған инфекциялық аурухана қыстың алғашқы ызғарына шыдамады