$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
14.01.2021, 21:18
Жаңалықтар

Алматы әкімдігі тұрғындарды КВИ-ге қарсы күрес шараларын күшейтуге шақырады

Өткен тәулікте мегаполисте 122 науқастан коронавирус анықталды

 
Алматы әкімдігі тұрғындарды КВИ-ге қарсы күрес шараларын күшейтуге шақырады
Фото: Tengrinews.kz

Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті алматылықтарды әлемдегі күрделі эпидемиологиялық ахуал аясында COVID-19-ға қарсы күрес шараларын күшейтуге шақырады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алматыда коронавирус инфекциясын жұқтырудың 19 980 жағдайы тіркелді. Өткен тәулікте мегаполисте коронавирус инфекциясына 122 науқастан ПТР тестілеудің оң нәтижесі анықталды. 2020 жылғы желтоқсан айының бірінші онкүндігімен салыстырғанда коронавирустық инфекция бойынша сырқаттанушылықтың 1,7 есе өсуі тіркелді.

Алматы әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын карантин шаралары - әлеуметтік қашықтықты, бетперде режимінің сақталуын күшейтуге, сондай-ақ мүмкіндігінше жабық үй-жайларда ұзақ уақыт болудан бас тартуға шақырады.

Департамент мәліметінше, аурудың ең көп таралуы 20-39 жас аралығында – 35% және 40-59 жас аралығында - 31% байқалады, бұл Жаңа жыл алдындағы және келесі демалыс күндері корпоративтік кештерді өткізумен және сауда нысандарына барумен байланысты.

«Жұқтырудың негізгі орындары: қоғамдық орындар (сауда, қоғамдық тамақтану нысандары) – 41%, отбасылардағы байланыс – 27% және қоғамдық көлік – 21%. Осыған байланысты алматылықтарға сақтық шараларын қатаң сақтау, мүмкіндігінше адамдар көп жиналатын орындардан аулақ болу, бетперделерді дұрыс пайдалану, жеке гигиенаны сақтау, зейнеткерлер тұрғын үйден шығуын шектеу қажет. Респираторлық инфекциялардың белгілері пайда болған жағдайда жеке бөлмеде оқшауланып, учаскелік дәрігерді үйге шақыру және коронавирустық инфекция диагнозы қойылған кезде жақын адамдарының, туыстары мен көршілерінің жұқтыруын болдырмау үшін карантиндік стационарға жатқызудан бас тартпау керек», - делінген хабарламада.  

Айта кету керек, инфекцияның сырттан келу жағдайларының тіркелуі жалғасуда. 06.10. 2020 ж. кезеңнен бері коронавирустық инфекцияның 77 жағдайы тіркелді, өткен тәулікте Дубай – Алматы рейсімен келген жолаушыларда коронавирус инфекциясының 2 жағдайы анықталды.

Сонымен бірге, әлемде COVID-19 жағдайы ушыға түсті. Елдер алдын алу шараларын күшейтуде. Мысалы, Нидерландыда шектеулерді 9 ақпанға дейін ұзартты. Италияның денсаулық сақтау министрі Роберто Сперанца Парламентке төтенше жағдайды 30 сәуірге дейін ұзарту туралы хабарлады. Швейцария коронавируспен күресу үшін карантинді одан әрі күшейтіп, 22 қаңтардың орнына оны қыстың соңына дейін жалғастырды.

Серіктес жаңалықтары