$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
14.01.2021, 17:51
Жаңалықтар

Ұлттық парктердегі өзгеріс: Аюсай шатқалында алғашқы визит-орталық ашылды

Іле Алатауындағы тағы 4 шатқалда 6 визит-орталық салынбақ

Ұлттық парктердегі өзгеріс: Аюсай шатқалында алғашқы визит-орталық ашылды
фото: Марат Қалдыбаев

Алматы айналасындағы жабайы табиғатқа инфрақұрылым тұрғызады деген сынға ұшыраған Александр Гужавин өткен алты айда атқарылған жұмысын көрсетті. Бүгін «Turanga Group»  компаниясының басшысы үш модульден тұратын «Аюсай» визит-орталығын таныстырды. Орталықтың көлемі 750 шаршы метр. Айтуынша, ағаш, пластик және әйнектен құрастырылған құрылысқа бетон қолданылмаған. Ал құрастыруға экобұрандалар пайдаланылыпты. Жоба жетекшісі америкалық технологияны қолдана отырып, жеңіл конструкциялар тұрғызылғанын айтты.

Azattyq Rýhy тілшісі өткен жылдан бері дауға айналып, қоғам қарысылығына тап болған жобаның алғашқы кезеңімен танысып қайтты. Алматы маңындағы тұмса табиғатты экотуризм мақсатында пайдалану үшін салалық министрлік инвесторлар іздеді. Министрлік бұл мәселені инвесторлардың көмегімен шешуді жоспарлаған еді. Былтыр жарияланған тендер бойынша Іле Алатауы ұлттық табиғи паркінде 34 арнайы орын лотқа қойылған. «Құлтау және К» ЖШС бұл аймақты дамыту үшін байқауда жеңімпаз атанған. Серіктестік аймақтағы экологиялық туризмді дамытуға 12 млрд теңге жұмсауға дайын. Алғашқы төрт жылда ел ішінде ең танымал Маралсай, Түрген, Аюсай, Алмарасан шатқалдарында және Шарын, Асы сияқты табиғаты ерекше аймақтарда визит-орталықтар, кемпинг, тау баспалдақтары, табиғатты тамашалайтын алаңдар салынады.

Алғашқы визит-орталықты таныстарған инвестор өкілі жобаны танымал сингапурлық архитектор дайындағанын айтады. Әзірге табиғат аясына демалуға келген жұрт 4 бағыт бойынша гид көмегіне жүгіне алады. Аюсай шатқалы, Жапон соқпақ жолы, Аюсай сарқырамасына апартын соқпақ жол, «Жас қайың» соқпақ жолы бойынша маршруттар ұйымдастырылып отыр. Туристер үшін бұрынғыдай бейберекет тауды кезіп жүре беруден гөрі сапалы қызмет түрін және қауіпсіздік үшін жол білетін жолсеріктердің қызметін пайдалана алады.

Визит орталық кәріз желісімен қамтылған дәретхана, WI-FI интернет желісі және тамақтану орындарымен жарақтандырылған. Инвестор былтыр табиғи парктің аумағындағы инфрақұрылымға 900 млн теңге жұмсағанын айтады.

«Біз алдағы 8 жылда бұл инвестициалық жобаны толық аяқтаймыз деп ойлаймын. Жерді 49 жылға жалға алып отырмыз. Аумақ Бостандық ауданына қарайды. Бірақ біз қалалық әкімдіктен кейбір көмек түрін сұрап отырмыз. Мұнда су бар, кәріз жүйесін өзіміз салдық, басқа да жылыту жүйелерін жасадық, электр энергиясын сатып аламыз. Қаладан тек қауіпсіздік жағын ұйымдастыруды сұрап отырмыз. Экологиялық полиция, туристік полиция деген бар. Солардың қолдауы қажет болады. Сосын қала бізге Аюсайға дейін қоғамдық көліктің маршрутын ұзартып береді деп үміттеніп отырмыз», - дейді Александр Гужавин.

Экотуризмді дамытушылар алғашқыда еркітілердің де көмегіне жүгінуді жоспарлап отыр. Ол үшін «Тамыр» деп аталатын оқыту орталығы құрылған. Мақсаты - жабайы табиғатқа келген туристер үшін жазғы мезгілде шатырлар тігіп, таудағы туризм қауіпсіздігі негіздерін үйрету. Ал қыс мезгілінде визит орталықтағы арнайы залда оқушылар мен өзге де келушілерге жабайы табиғаттағы туризм туралы дәрістер оқылады. Әдіскер ретінде алпинистер, құтқарушылар мен волонтерлер тартылған.  

«Визит орталықтың салынуы экологиялық туризмді өркендетіп, табиғат ескерткіштері туралы ақпарат беріп, дұрыс бағыт сілтеуге, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды насихаттауға мүмкіндік береді. Флора мен фауна туралы туралы балаларға көбірек түсіндіруге, сабақ өткізуге мүмкіндік туып отыр. Біз экологиялық туризмді дамыту туралы сөзбен ғана айтамыз. Ал осы қолға алынып отырған шара соның бастамасы. Жабайы табиғат аясына кетіп бара жатқан адам осы жерге келіп, өзіне керек ақпаратты алады. Яғни табиғаттан не көруге болады, қандай маршруттар қызық, қай жолмен баруға болатынын арнайы картадан көріп алғаны жөн. Қандай киім алу керек, қауіпсіздік үшін не істеу керек? Ал кері қайтқанда сувенирлер алып, немесе осы жерден тамақтанып кетуге болады. Барлығы өркениетті елдердегідей болады», - деді Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры Дәмір Малгелдиев.

Оқи отырыңыз: Кәуапхана, сүреңсіз лашықтар мен «атқоралар» бұзылады: Ұлттық табиғи паркті үлкен өзгеріс күтіп тұр

2019 жылы Іле Алатауы аумағында демалу үшін 300 мыңға жуық адам келген. Былтыр бұл көрсеткіш 40 пайызға дейін төмендепті. Пандемияға байланысты келушілер санының азаюы байқалды. Бірақ биыл бұл аумақтарда туризм жаңаша ұйымдастырылады. Инвесторлар Аюсайға 5 кемпинг салуды жоспарлап отыр. Туристер көлемі 18 шаршы метр болатын ағаш үйлерде түнеуге мүмкіндік алады. Оның ішінде жуынатын жері, дәретхана және төсек, тамақтануға арналған асхана бұрышы ұйымдастырылады. Ал тау туризмімен айналысатын ересектер балаларын визит орталыққа қалдырып кетеді. Бұл аймақта бүлдіршіндер мен жасөспірімдерге арнайы демалыс ұйымдыстырылмақ.

«Тауға аттанған турист енді кез келген жермен жүре алмайды. Олар арнайы салынған жол соқпақтарын пайдаланады. Ол соқпақтардың бойында арнайы демалу үшін күркелер қарастырлмақ. Тынығып, өзімен бірге алып шыққан тамағын ішіп, ары қарай сапарын жалғастыра. Арнайы белгіленген сүрлеумен тауға барып, кері қайту қауіпсіздік үшін жақсы. Визит орталықтан арнайы ГИД алуға болады. Оның құнын инвесторлар 4-5 адам үшін сағатына 5 мың теңге деп бағалап отыр. Ал тауға балаларды апарғысы келмесе, осында тастап кетсе, арнайы мамандар қызықты ойындар, танымдық дүниелер ұсынады», - дейді Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры.  

Аюсай шатқалына инфрақұрылым жасалмас бұрын ұлттық парк қызметкерлері Қазақ ұлттық университеті және Зоология институтымен бірлесіп экологиялық мониторинг жүргізіп, қоршаған ортаға түсетін рекреациялық жүктемені есепке алған. Әзірге техникалық режимде жұмыс істеп тұрған визит-орталық қаңтардың басынан бері 300-ге жуық адам қабылдап үлгеріпті. Іле Алатауындағы экотуризмді дамыту жобасы аясында тағы 4 шатқалда 6 визит-орталық салынады. Осы жылы үшеуі Үлкен Алматы көлі маңында, Мұзтау шатқалы (Бутаковка - авт.) және Түрген шатқалында салынады деп жоспарланып отыр.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары