Кәуапхана, сүреңсіз лашықтар мен «атқоралар» бұзылады: Ұлттық табиғи паркті үлкен өзгеріс күтіп тұр

Инвестор экологиялық туризмді дамытуға  14 млрд теңге жұмсауға дайын

Кәуапхана, сүреңсіз лашықтар мен «атқоралар» бұзылады: Ұлттық табиғи паркті үлкен өзгеріс күтіп тұр
Фото: Марат Қалдыбаев

Елде Ұлттық табиғи парктердің аумағындағы түтіні будақтаған кәуапханалар, сүреңсіз киіз үйлер, тозығы жеткен дәретханалар мен қонақжайлардың орнын заманауи инфрақұрылыммен алмастыратын уақыт жетті. Көркем табиғаты, әсем жерлерімен танымал Іле Алатау ұлттық паркін дамытудың бас жоспары жасалған. Бүгін Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі БАҚ өкілдеріне бұл тұжырымдаманың іске асатын кезеңдерін айтып, нақты жоспарларымен бөлісті.

Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұхбатында  Экология, геология және табиғи ресурстар вице- министрі Ерлан Нысанбаев Іле Алатау табиғи ұлттық паркіне қарасты 210 гектар жердің иелеріне жеке-жеке тексеру  жүргізілгенін айтты. Осыншама аумақты жалға алып отырған кәсіпкерлердің дені табиғат аясындағы жер телімдерін туристік мақсатта пайдаланбай келген. Министрлік өкілі олардың ішінде 40 кәсіпкермен келісімшартты бұзған. Алматы және Алматы облысының әкімдіктері қазір өзге де заң талаптарын сақтамаған нысандардың иелерімен соттасып жатыр.

Фото: Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі

«Мен ұлттық парктер аумағында туризмді дамытуға бұрыннан қарсы болатынмын. Алайда, біз 2019 жылы делегациямен АҚШ-тың бірнеше ұлттық саябақтарын аралап келдік.  Содан кейін пікірім өзгерді. Американың экотуризмді дамытудағы басты идеологиясы – адамдарды табиғатпен етене жақындастыру. Біз ол жерден не көрдік? Барлық ұлттық парктің 5%-ы ғана  экологиялық туризмді дамыту үшін инвесторларға берілген. Ол жерде бетоннан салынған, алып әрі күрделі құрылыс жоқ. Бәрі қарапайым әрі жарасымды, жеңіл құрылыс материалдарынан салынған. Тауға шығатын маршруттар мен баспалдақтар барынша дамыған. Америкада мен жаяу жолақпен 12 шақырымды жүріп өттім. Ол жерде артық ештеңе жоқ, тынығатын сәкілер қойылған, болды. 

Ал бізде жағдай қалай? Жол бойында түтіні будақтаған кәуапханалар, қалай болса, солай салынған атқора сияқты ғимараттар, қызмет көрсету деңгейі өте төмен және сүреңсіз орындар. Біздің халық келіп, тамақ ішіп, жүріп-жүріп, керек болса киіз үйлерде қонады да, кері қайтады. Ал жоғарыдағы әсем табиғат пен тауды тамашалайтын ешқандай мүмкіндік жоқ. Міне, біз айтып отырған тұжырымдама, ұлттық парктерді дамытудың мастер-планы осы қағиданы жою. Керісінше, отандық және шетелдік туристерді тарту», - дейді вице-министр.

Фото:  Алмарасан шатқалындағы қоғамдық тамақтану орындары

Осылайша, елде ұлттық табиғи парктерді дамытудың бас жоспарына сәйкес, шетелдік туристер, блогерлер мен табиғат белсенділерінің сынынан көз ашпайтын орындар ретке келтіріле бастайды. Жаңа министрлік бұл мәселені инвесторлардың көмегімен шешуді жоспарлап отыр. Жылдың басында жарияланған тендер бойынша Іле Алатау ұлттық табиғи паркінде 34 арнайы орын лотқа қойылған. «Құлтау» компаниясы бұл аймақтарды дамыту үшін байқауда жеңімпаз атанған. Серіктестік аймақтағы экологиялық туризмді дамытуға 14 млрд теңге жұмсауға дайын. Алғашқы төрт жылда ел ішінде ең танымал Маралсай, Түрген, Аюсай, Алмарасан шатқалдарында және Шарын, Асы сияқты табиғаты ерекше аймақтарда визит-орталықтар, кемпинг, тау баспалдақтары, табиғатты тамашалайтын алаңдар салынады.

Оқи отырыңыз: Іле-Алтау ұлттық паркінде 10 визит-орталық пен 155 км жаяу жүргіншілер жолы салынады

«Ең үлкен мәселе - бұл аумақтарда дәретхана салу. Бұл сұрақ Үкімет деңгейінде қаралған, өте даулы мәселе болды. Біз мұны бірінші кезекке қойып отырмыз. Одан кейін табиғатты бүлдіру, залал келтіру туралы қоғамның алаңдаушылығы бар. Бұл сұрақ та назарда, биліктің тарапынан бақыланады деп ойлаймын. Қоғам үшін де ашықпыз. Кез келген кемшілікті түзетіп, бірге жұмыс істеуге дайынбыз. Визит-орталықтарда шатқалдың тарихы, ондағы жан-жануарлар әлемі, қызықты ақпараттар болады, гидтердің саны артады. Осы Іле Алатауы қайта түрленеді. Мұнда мекен ететін қар барысы туралы мұражайлар ашатын боламыз. Сивер алмасы, мыңдаған табиғи шөп пен өсімдіктер әлемі туралы көрнекілік құралдар болады»,- дейді инвестор Александр Гужавин.

Фото: Аюсай шатқалы 

Қазақстандық инвестор шағын дәмханалар, фаст-фуд, қонақжайлар мен түнгі уақытта қонатын орындарды заманға сай салады және оларды сайдың ішінде немесе таулардың етегіне орналастырмақ. Ең басты назарда - тамақтану, көңіл көтеру немесе қонып кету емес, туристердің табиғатпен тілдесуіне, тау мен сарқырамалардың әсемдігін тамашалауға басымдылық беріледі. Компания бұл аймаққа интернет пен байланыс желісін тарту үшін ұялы байланыс операторларымен келісімшартқа отырса, туристердің келуіне ыңғайлы автобус маршруттарын жүргізу үшін қалалық әкімдікпен меморандумға қол қоймақшы.

 

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.