Қазақстанның 12 өңірінде дауыс беру аяқталды
5 өңірдегі сайлау учаскелерінде дауыс беру жалғасып жатыр
ҚР Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, астана уақытымен сағат 20:00-де еліміздің 12 өңіріндегі 8 144 сайлау учаскесі жабылды. Уақыт белдеулерінің шекарасына сәйкес, 5 өңірде – Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарындағы сайлау учаскелерінде дауыс беру жалғасып жатыр.
Бұл өңірлерде дауыс беру жергілікті уақытпен сағат 20:00-де, ал астана уақытымен 21:00-де аяқталады.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың сайлау комиссиялары ұсынған мәліметтерге сәйкес, сағат 20:00-дегі жағдай бойынша сайлау бюллетеньдерін тізімге енгізілген сайлаушылардың жалпы санының 63,1 пайызы алды.
Олардың ішінде: Ақмола облысы – 72,8, Ақтөбе облысы – 57,7, Алматы облысы – 73,5, Атырау облысы – 55,5, Батыс Қазақстан облысы – 51,5, Жамбыл облысы – 72,2, Қарағанды облысы – 70,7, Қостанай облысы – 71,8, Қызылорда облысы – 72,7, Маңғыстау облысы – 54, Павлодар облысы – 71,3, Солтүстік Қазақстан облысы – 75,5, Түркістан облысы – 65,8, Шығыс Қазақстан – 72,4, Нұр-Сұлтан қаласы – 45,1, Алматы қаласы – 30,3, Шымкент қаласы – 56,5 пайыз.
Қазақстанның шет мемлекеттердегі өкілдіктері жанынан ашылған 10 сайлау учаскесінде сайлаушылар дауыс беріп болды, 56 учаскеде дауыс беру жалғасып жатыр. Соңғы болып 11 қаңтарда Нұр-Сұлтан уақыты бойынша таңғы сағат 07:00-де АҚШ мен Канадағы қазақстандықтар дауыс береді.