Дауыс беруге келген сайлаушылардың саны көп – бақылаушы
Бүгін Қазақстанда Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы өтіп жатыр
Нұр-Сұлтан қаласындағы №120 сайлау учаскесіндегі тәуелсіз бақылаушылардың бірі Қуандық Қыстықбаев дауыс беру үшін жиналған сайлаушылардың қатары көп екенін айтты. Бақылаушының айтуынша, бұл жолы халық өте белсенді.
«Таңертеңнен бері өзім бақылап отырған учаскеге 100-ге жуық адам келді. Дәл қазір Ресей, Украинадан халықаралық бақылаушылар, сайлауға түсіп жатқан «Адал», «Ауыл» партияларының атынан да бірнеше бақылаушылар отыр. Әзірге ешқандай заңбұзушылық болмады. Учаскілерде кезекке тұрған дауыс берушілер саны көп. Дауыс беруге келген халықтың көңіл-күйі де өте жақсы», - деді «Даму» ассоциациясы атынан барған бақылаушы.
Айта кететіні, Нұр-Сұлтан қаласында 283 сайлау учаскесі ашылған. Мәжіліс сайлауына елімізде тіркелген 5 саяси партия, яғни, «Nur Otan» партиясы, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «ADAL» саяси партиясы, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы және «Қазақстанның Халық партиясы» қатысуда. Аталған партиялар барлық деңгейдегі жергілікті мәслихаттарға да өз кандидаттарын ұсынған.