ШұғылАналық капитал: депутаттар дүниеге келген әр сәбиге 4,2 млн теңге төлеуді ұсынды

Не себепті Атырау облысында бас санитар жиі ауысады?

Пандемия басталғалы Атырау облысының бас санитар дәрігері 8 рет ауысты

көрнекі фото

Пандемия басталғалы Атырау облысының бас санитар дәрігері 8 рет ауысты. Жақында облыстың мемлекеттік бас санитар дәрігері болып Мәдениет Танауов тағайындалды. Өңірде не себепті бас санитардың жиі ауысатыны туралы сұраққа Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев жауап берді.

Оның айтуынша, Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің қайта құрылуына байланысты барлық өңірдегі бос жұмыс орындарына орналасуға конкурс жарияланған (естеріңізге салсақ, қайта құру нәтижесінде ведомство екіге бөлінді: санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті мен Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті).

«6 қаңтарда конкурстан өткен Мәдениет Танауов Атырау облысы бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы болып тағайындалды. Осы департаменттің басшысы өңірдің бас санитар дәрігері екенін де атап өткім келеді. Ал оның алдында болған Амантай Жұмағалиев департамент басшысының міндетін атқарды. Қазір өзінің бұрынғы басшы орынбасары қызметіне қайта оралды», - дейді комитеттің ресми өкілі.

- Бұл Атырауда пандемия басталғалы тағайындалып отырған сегізінші бас санитар дәрігер. Мұндай кадрлық ауыс-түйіс басқа өңірде болған жоқ. Себебі неде?

- Өткен жыл өте қиын болғанын өзіңіз де жақсы білесіз. Біреулері шыдай алмай, өз еркімен кетті, өйткені күндіз-түні жұмыс істеуге тура келді. Кейбіреулер, мысалы, Темірбек Мұсағалиев, денсаулығына байланысты кетті; Асылбек Шаров Маңғыстау облысының тумасы болғандықтан отбасылық себептермен туған жеріне ауысты, қазір сол жерде санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарады. Ал Сәдуақас Байғабылов сіздерде жазда коронавирус індеті үдеген кезде жоғары білікті маман ретінде уақытша Атырауға іссапармен жіберілді.

Байтанаевтың айтуынша, Атырау облысында бас санитар дәрігерлердің жиі ауысуына біліктіліктің жетіспеуі себеп болмаған. Пандемия кезінде ешкім бос лауазымға орналасу туралы жарияланған конкурсқа қатысуға ниет білдірмегендіктен, бұл лауазым уақытша Амантай Жұмағалиевқа жүктелген. М.Танауовқа дейін Атырау облысының бас санитар дәрігері қызметін Мейіржан Есімбаев, Темірбек Мұсағалиев, Амантай Жұмағалиев (екі рет), Сәдуақас Байғабылов, Қанат Ғайнеденов және Асылбек Шаров атқарды.

«Ешкім осы лауазымға сәйкес келмей, біліктілігі жоқтықтан шығарылған жоқ. Атырауда жұмыс істеген әр маман өз үлесін қосты. Ең бастысы, қазір жақсы маман тағайындалды. Ол бұқаралық ақпарат құралдарына да ашық, оған қолдау көрсетсеңіздер жақсы болар еді», - деді Байтанаев.