ШұғылЕлімізде бір тәулікте 36 адам коронавирус пен пневмониядан қайтыс болды

Моңғолия кириллицадан бас тартып, көне жазуын жаңғыртпақ

Моңғолдардың криллицаға көшкеніне 77 жыл болды 

Фото: ашық дереккөзден

Моңғолдар  2025 жылдан бастап өздерінің төл жазуына көшпек. Олар КСРО-ның ықпалы бойынша төл жазуынан бас тартып, 1943 жылдан бастап кириллицаға көшуге мәжбүр болған. Ел билігі қазіргі уақытта бұл шараны моңғолдарды  түпкі тарихынан ажыратуды көздеген сталиндік саясаттың нышаны деп бағалайды. Көне моңғол жазуында сөздер көлденеңнен емес, тігінен – жоғарыдан төмен қарай жазылады. Ғалымдардың зерттеуінше, моңғол жазуының түп төркіні Таяу Шығыс тілдерінен тарап, ортағасырлық көне ұйғыр және соғды әліпбилерінен бастау алады. Түркітілдес елдердің қатарына жататын моңғолдардың көне алфавиті XIII  ғасырда пайда болған. Оны Найман хандығының оқымыстысы Тататунға жасаған деп айтылады. 

«Кириллицаны сақтап отыра берсек, біз ұлы тарихымыздың тек 80 жылдық үзіндісіне жабысып, соны ғана қолдаймыз. Ал көне моңғол жазуына көшіп, соны сақтасақ, онда мыңдаған жылдар бойғы мираспен байланысымызды қайта қалпына келтіріп, бабалармен қауышамыз», – деді Моңғолия мемлекеттік университетінің көнемоңғол зерттеулер бөлімінің басшысы Далайн Заяабаатар.

Алайда қолданыстағы кириллицадан бас тарту туралы ұсыныстардың айтылып келе жатқанына 30 жыл болды. Әу баста латын алфавитіне көшу ұсынылғанмен, ол бастаманы қоғам да, зиялы қауым да қабылдамаған. Болмысы, бітімі, өмір салты моңғол ұлтымен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын батыстың жазуын қабылдау – тарихи сабақтастыққа «балта шабу» ретінде бағаланды. Ал қазіргі кириллицада қала беруді саяси бодандықтың сарқыншағы деп санайды. Ұлттың төл жазуына көшуі туралы ел президентінің жарлығы да, парламентте арнайы заң да қабылданған.  

«2015 жылғы ақпанда Моңғолия Парламенті – Мемлекеттік ұлы хурал «Моңғол тілі туралы» арнайы заң қабылдап, көне моңғол жазуын үйренуді міндетті етті, оны мектеп бағдарламасына енгізді. Заң сондай-ақ мемлекеттік қызметке тұратын барлық тұлғаларды көне моңғол жазуын білуді міндеттейтін талап енгізді. Жеке басты куәландыратын құжаттар осы жазбамен жазылады. Моңғолия Президенті Х.Баттулга 2018 жылы «Моңғол тілі туралы» заңның 9.1.3 бабына сәйкес «Моңғол жазуының қолданыс аясын кеңейту» туралы жарлық шығарған. Моңғолия Үкіметі «Моңғол тілі туралы» заң, Моңғолия Президентінің жарлығы бойынша «Моңғол жазуының ұлттық бағдарламасы – III» дайындаған», - деп атап өтті тарихшы.  

Пандемиялық жағдайға байланысты барлық сатылы білім беру ұйымдарына ұлттық құндылықтарды жаңғырту, моңғол жазуын дәріптеу, үйрету, балалармен қатар ересектерге де ұлттық жазуды оқыту мақсатында телесабақтар басталған. Заңның кейбір нормалары 2025 жылғы 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Елдің заңдары мен мемлекеттік актілері міндетті түрде көне моңғол әліпбиімен қатар берілуге тиіс. Осы арқылы моңғол елі біртіндеп, кириллицаның ықпалынан кетпек.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы