Алдағы 5 жылда елдімекендерге 15 млн ағаш отырғызылады

Ал орман қорын 2 млрд-қа толықтыру жоспарланып отыр

Алдағы 5 жылда елдімекендерге 15 млн ағаш отырғызылады
Фото: ашық дереккөзден

Қазақстанда жасыл желекпен ұдайы толықтырып отыру мен ағаш егудің кешенді жоспары дайындалуда. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі Мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырмаларды орындауға арналған іс-шаралар туралы брифингте ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты. 

«Ел аумағын жасылдандыру мақсатында министрлік пен әкімдіктер 5 жыл ішінде орман қорында 2 млрд және елдімекендерде 15 млн ағаш отырғызады. Бұл үшін министрлік облыстық әкімдіктермен бірлесе жұмыс жүргізіп, аймақтарға егілетін ағаш көлемі белгіленді. Әсіресе, Қызылорда, Жамбыл, Түркістан облыстарының шөлді жерлерінде ағаш санын көбейтуге назар аударылады. Қызылордада 213 мың гектарға 177,5 млн, Түркістан облысында 227,6 мың гектарға 264,9 млн, Жамбылда 112,1 мың гектарға 138,9 млн түп ағаш егіледі. Бұдан бөлек, ұлттық парктер мен автомобиль, теміржол бойларында көшеттер отырғызылады. Қазір премьер-министр Асқар Маминнің тапсырмасымен ағаш егу және жасыл желекпен ұдайы толықтырып отыру бойынша кешенді жоспар дайындалуда», - деді министр.  

Министр Қазақстан орман аумағы аз мемлекет болғандықтан, бұл шаралардың аса маңызды екенін атап өтті.  

«Бұл – басымдыққа ие тапсырмалардың бірі. Орман – біздің байлығымыз. Оның ресурстарын сақтап, көбейту маңызды. Мемлекеттік орман қорының аумағы 30 млн гектар, ол ел аумағының 11 %-ын құрайды. Орман жамылғысы – 4,8 %. 2030 жылға қарай орман аумағын 5 %-ға дейін көбейтуді жоспарлап жатырмыз», - деді министр. 

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев орман қорында 2 млрд және елдімекендерде 15 млн ағаш егу туралы тапсырманы 2020 жылдың қыркүйек айындағы Жолдауында берген болатын.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.