$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
28.12.2020, 15:22
Жаңалықтар

Қазақстанда коронавирустың «британдық» штамы табылды ма

Қазақстанда Германия, Испания, Украина, Ресей, АҚШ және Қытайда таралған COVID-19 штамдары анықталған 

Қазақстанда коронавирустың «британдық» штамы табылды ма
Фото: ашық дереккөзден

Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басшысы Айжан Есмағамбетова коронавирустың «британдық» штаммының таралуы туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Ол вирустың мутациялануы табиғи процесс екенін атап өтті.

«Коронавирус айтарлықтай мутацияға ұшырады. Себебі ол адамның рецепторларына қосылады, содан кейін оны бағындырып, көбеюге бейімделеді. Британдық ғалымдар анықтаған вирустың мутациясына келетін болсақ, бұл тағы да қайталанатын табиғи процесс. Вирустың реттілігі бізде де жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда елімізде мамыр айынан қыркүйекке дейін анықталған 140-қа жуық штамдар зерттелді. Бұл  - барлық 14 өңірден зерттелген штамдар»,- деді Есмағамбетова ОКҚ онлайн-брифингінде.

Оның айтуынша, Қазақстанда Германия, Испания, Украина, Ресей, АҚШ және Қытайда таралған штамдар анықталған.

«Осы вирустардың ішінде (қыркүйек айына дейін) Ұлыбританияда анықталған жаңа мутация (Қазақстанда) тіркелген жоқ. Қазір қазаннан желтоқсанға дейінгі кезеңдегі вирустарды ретке келтіру үшін еліміздің барлық өңірлерінен материалдар жиналып жатыр», - деп толықтырды санэпидбақылау комитетінің басшысы.

Еске салайық, Ұлыбританияда коронавирустың жаңа мутациясы SARS-CoV-2 табылды. Вирустың жаңа нұсқасы алдын ала болжам бойынша, әдеттегіден 70% жұқпалы болуы мүмкін.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары