Мемлекеттік еңбек инспекторлары 36 мыңнан астам жұмысшының жалақысын қайтарды
Биыл еңбек инспекторлары жалақы бойынша берешегі 5,7 млрд теңгеден асатын 1700 кәсіпорынды анықтаған
ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов ҚР премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың Қостанай қаласына жұмыс сапары аясында өткен әлеуметтік-еңбек қатынастарын және әлеуметтік серіктестікті реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның отырысында жалақыны уақтылы төлеу туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Отырыста сөз сөйлеген Біржан Нұрымбетов еңбек қатынастарын реттеудегі негізгі міндеттерді шешуге назар аударды. еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі жалақыны уақтылы төлеуді бірінші мәселе деп атады.
«Биыл еңбек инспекторлары жалақы бойынша берешегі 5,7 млрд теңгеден асатын елдегі 1700 кәсіпорынды анықтады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 36 мыңнан астам жұмысшының құқығын қорғалып, жалақылары бойынша 5,1 млрд теңге қарыздары қайтарылды. Бүгінгі күнде жалпы қарыз сомасы 1,42 млрд теңгені құрайды және жыл басынан бері ол 28%-ға немесе 560 млн теңгеге азайды. Сонымен бірге, қазіргі және мерзімі өткен берешек сомасы 2700 қызметкерге 733 млн теңгені құрайды», - деді Біржан Нұрымбетов.
Оның айтуынша, ең көп қарыз Нұр-Сұлтан қаласына, Алматы және Ақтөбе облыстарына тиесілі. Берешекке жол берген кәсіпорын басшыларына 59 ұйғарым беріліп, 25 млн теңге көлемінде айыппұл салынды, ал жалақыны бірнеше рет кешіктіргені үшін 6 кәсіпорын басшысының үстінен қылмыстық іс қозғалды.
«Қабылданатын шараларды күшейту мақсатында еңбек инспекторларының ұйғарымын сот орындаушылардың атқару құжаттарының тізіміне енгізу және жалақыны төлемеу бойынша құқық бұзушылық үшін жұмыс берушілердің әкімшілік жауапкершілігін күшейту мәселесі шешілуде», - деп толықтырды министр.