Ақтауда караоке-клуб қонақтары полицейлермен жанжалдасып қалды
Келушілер тәртіпке бағынғысы келмеген

Ақтауда Бас санитарлық дәрігердің Қаулысына сәйкес әкімдік қызметкерлері және жергілікті полиция өкілімен бірлескен топ қаладағы бірнеше нысанға кезекті мониторинг жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Сейсенбі күні өткен мониторинг барысында қаладағы 5-шағынауданда орналасқан «R12» дәмханасының (караоке) жұмыс істеп тұрғаны анықталды. Полицейлер мен мониторингілік топ өкілдері карантин талаптарын сақтамаған нысанға кіріп, қонақтарды таратуға тырысқан. Алайда караоке-клубқа келушілер полицейлермен жанжалдасып, тәртіпке бағынбаудың жолын іздеді», - деп жазылған хабарламада.
Айта кету керек, Маңғыстау облысының Бас санитар дәрігерінің 2020 жылдың 21 қазан күнгі Қаулысына сәйкес кафелер мен мейрамханаларға сағат 22.00-ге дейін ғана қызмет етуге рұқсат берілген. Осыған байланысты карантин талаптарын сақтамаған нысан иелерінен түсініктеме алынып, әкімшілік хаттама толтырылды.