$ 524.75  540.6  5.12
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
08.12.2020, 22:55
Жаңалықтар

Бақылаушылар сайлау учаскелерінің 50% қамтымай, сайлауға баға бере алмайды - Дос Көшім

Қазақстанда бір айдан соң Парламент сайлауы өтеді

Бақылаушылар сайлау учаскелерінің 50% қамтымай, сайлауға баға бере алмайды - Дос Көшім

Қазақстанда бір айдан соң Парламент сайлауы өтеді. Ал 10 желтоқсанда үгіт-насихат шаралары басталмақ. Сайлаудың әділ өтуін және «Сайлау туралы» заңның орындалуын бақылаушылар қадағалайды. 2000 жылдары Қазақстанда «Тәуелсіз бақылаушылар желісін» құрып, оған жетекшілік еткен саясаттанушы, белгілі қоғам қайраткері Дос Көшім Azattyq Rýhy ақпарат агенттігіне берген сұхбатында елдегі бақылаушылар инситутының қалыптасуына қатысты пікірін білдірді.

- Досмахамбет Қалмаханұлы, сізді Қазақстанда Тәуелсіз бақылаушылар желісін құрған азамат ретінде білеміз. Алты жыл сол ұйымды басқардыңыз. Сол кезде, яғни 1999-2000 жылдары сіздерден басқа мұндай ұйым болмаған да шығар. Жалпы, осы 20 жылда бізде бақылаушылар институты қалыптасты деп айта аласыз ба?

- Иә, қалыптасты деп айтуға болады. Әсіресе, былтырғы сайлауда үлкен ұйымдармен қатар, сайлаушылар да қалада, ауылдардың өзінде бақылаушыларын қоя бастады. Бұл, менің ойымша, алға басқан үлкен қадам. Қарапайым азаматтар, қарапайым сайлаушылар өздерінің дауыстарына өздері бақылау жасау деңгейін білді, түсінді. Жалпы бақылаушы деген не екенін, бақылаушы институтының сайлау барысында қандай рөл атқаратынын халық түсініп қалды.

- Осы республикалық желі құрылғанда барлық облыс қамтылды ма? Ол кездегі он мыңдай сайлау учаскесіне түгел бақылаушы жібере алдыңыздар ма?

- Ең көп бақылаушы қойған Тәуелсіз бақылаушылардың республикалық жүйесі болды. Бұл сайлау учаскелерінің 26% қамтыды. Әрине, 9500-дей сайлау учаскесіне бақылаушы қойсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Бірақ  күшіміздің, шамамыздің, адами ресурсымыздың, қаржымыздың жеткені осы болды.

- Тәуелсіз бақылаушылар желісі сол кездегі сайлауларға баға берді ме? Берсе, қандай баға берді?

- Біз ол уақыттарда Қазақстанда үлкен бақылау жасайтын жалғыз ұйым болдық. Бақылау жасауды 1999 жылы бастадық. Әрине, сайлау біткеннен кейін сайлауға өз бағамызды бердік. Көбінесе ОБСЕ бақылаушылары, халықаралық бақылаушылар бізге құлақ түретін, біздің пікірімізді өздерінің қорытынды есептеріне кіргізетін. Біз орталық сайлау комиссиясымен де жақсы жұмыс істедік. Олардың жиналыстарына қатысамыз, оларға бақылаушылар жібереміз. Орталық сайлау комииссиясы ол уақыттарда біздің ұйыммен ашық жұмыс істеді. Біз көп мәселеге сыни көзқараспен қарадық. Сайлау жүйесін, сайлаудың өтуін, сайлау заңдарына өзіміздің сыни көзқарастарымызды айттық. Оны жақсартуға байланысты пікірлеріміз бен ұсыныстарымызды бердік. Қысқасы, біз сол сайлауға қатысы бар барлық ұйымдармен жақсы байланыс жасадық. 2000 жылы Қазақстандағы сайлау туралы заңына толықтырулар мен өзгертулер енгізілді. Соған мен де қатыстым. Сол уақыттағы бақылаушыларға арналған 13 баптың бәрін біз жаңартып шығардық, өз қолымызбен жазған бапты өткіздік. Оны парламент өткізді, ең қызығы, оны орталық сайлау комиссиясы да қолдады. Қысқасы, қазіргі кездегі заңымыздағы бақылаушыларға берген құқықтық мүмкіндікті біз 1999-2000 жылдары жасадық.

- Бақылаушылардың сайлауды бақылаудағы қандай негізгі міндеттерін атап айтар едіңіз?

- Негізгі 3 міндеті бар. Біріншіден, сайлау күні дауыс беру учаскесінде заң бұзушылықты болдырмау. Тіпті, керек десеңіз, сот пен прокурорға хабарласып, дабыл қағып, болып жатқан заңсыздықтарды тоқтату. Екіншіден, сайлау біткеннен кейін сол сайлауға баға береді. Бұл баға Қазақстанның демократиялық сипатына берілген баға. Сондықтан, билік бұл бағаға зер сала қарайды. Үшіншіден, сайлау біткеннен кейін сол сайлауға қатысқан, сайлауға бақылау жасаған ұйымдар өздерінің ұсыныстарын береді. Қазақстандағы сайлау заңы мен жүйесін қалай жаңартуға, қалай жақсартуға болатынына баға береді. 

- Сіз жаңа 2400 бақылаушы шығардық, сол кездегі 9,5 мың сайлау учаскесінің 26% ғана қамти алдық дедіңіз. Жалпы, ел аумағындағы сайлау учаскесінің 50% қамтымай, сайлауға баға беруге бола ма? Себебі көптеген қоғамдық ұйымдар аз бақылаушымен сайлаудың қорытындысына баға беріп, дау көтеріп жатады.              

- Егер сайлауды 30-40 ұйым бақыласа, олардың әрқайсысы 10-15 пайыз қарап шықса, олар  сол учаскелердің деңгейінде баға береді. Саяси ұйымдардың сайлауға қатысуының жақсы жері сол. Кейде белгілі халықарылық ұйымдар, елшіліктер бақылаушы жібереді. Олар көп болса, 10-15 учаскені бақылайды. Соларды біздің билік алдыға шығарып қояды. Міне, халықаралық бақылаушы сайлау тамаша, таза өтті дейді деп. Ол көп болса, 10-15 учаскені қараған шығар. Сондықтан баға жақсы, жаман емес, обьективті болуы керек. 

- Сіз жақында «Nur Otan» партиясының бақылаушыларын оқытқаныңызды естідік. «Nur Otan» 30 мыңнан аса бақылаушы шығармақшы. Партиялық бақылаушылардың дайындығы қалай болып жатыр?

- Қазақтың батырлар жырында «Садақты атайын деп тұрып, ата алмасам, маған серт, сауытты тесіп өте алмасаң, саған серт» деген сөз бар. Маман ретінде мен бақылаушылардың бәрін оқытамын: «Ақжол» партиясының, «Nur Otan» шақырады, олардың бақылаушыларын да, оппозиция бақылаушыларын да оқыттым. «Nur Otan» 30 мың бақылаушы қойса, қуанамын. Бақылаушылардың көп болғаны, сайлауды көп білетін адамдарардың бақылағаны жақсы. 

- Партиялық бақылаушылардың тәуелсіз не қоғамдық ұйымдардан келген бақылаушылардан қандай айырмашылығы бар?

- Олардың бәрі бірдей. Айырмашылығы біреу-ақ: партиялық бақылаушылар дауыстарды санау кезінде өздерінің партиясына қанша дауыс берілгенін ғана жазып отырады.

- Былтырғы сайлауда бақылаушылар сайлау қорытындысына баға беруге ықпал ете алды ма?

- Былтырға сайлау кезінде өте көп заңбұзушылық болды. Бақылау біткеннен кейін сондағы жасалған заңбұзушылықтар актлерін сотқа, прокуратураға беру басталды. Өкінішке қарай, біздің сот жүйесі бұған көңіл бөлмеді. Жалпы, біздің сот жүйесінің сайлауға байланысты белсенді жұмысын көрген жоқпын. Мысалы, біреудің орнына біреу дауыс беріп, ұсталса, он миллион теңгеге дейін айыппұл төленеді. Бірақ, оның бәрінің жүзеге асып жатқанын көрмедім. Бұл жолы  «Nur Otan» 30 мың бақылаушы қосса, күші бар ғой, соттасып, түбіне дейін жетуі мүмкін. 

- Осы уақытқа дейінгі сайлауларда шетелдік ұйымдардан келген бақылаушылардың саны көп болды. Мысалы, былтырғы Президент сайлауына мыңнан аса халықаралық байқаушы келді. Бізге келетін бақылаушылардың негізгі миссиясы қандай?

- Мемлекет халықаралық бақылаушыларды өзі шақырады. Оларға ақша төленбейді, өз ақшаларымен келеді. Өз бағасын береді. Көбінесе, баға беруден гөрі сайлаудың жүйесін жақсыратуға байланысты ұсыныстарын береді. Осы ұсыныстарды Қазақстан қаперге алса,  біздің сайлау заңымыз бен жүйеміз 20 жыл ішінде жақсарар еді. 

- ОБСЕ сияқты халықаралық ұйымдардың көптен бері саяси құралға айналғаны жасырын емес. «Қос стандарт»  деп те айтылады. Бұл саяси ұйымның әртүрлі елдегі ұқсас саяси жағдайға әртүрлі баға бергенін байқап жүрміз. Ендеше, олардың Қазақстандағы сайлауларға берген қорытындысы әділ деп қалай сенеміз?

- Ондай да болады. Мысалы, мен 2000 жылдары Әзербайжанда өткен сайлауда бақылаушы болдым. Ол жерге АҚШ Ұлттық демократия инситутының шақыруымен бардым. Сайлау көптеген заңбұзушылықтармен өтті. Ол кезде Әзербайжан Еуропа Кеңесіне мүше болып кірген. Осыдан бір жыл өтпей жатып олардың сайлауын жамандауға, қатты сынауға болмайды. Былайша айтқанда, саяси мәдениетке жатпайды. Олар сонда Әзербайжанды скөп сынаған жоқ, сайлауға «жақсы» деген баға берді. Біз АҚШ атынан барған соң, тәуелсіз пікір білдіріп, сайлаудың әділетсіз өткенін бетіне бастық. Әрине Еуропалық әріптестерімізді түсіндік. Еуропа кеңесіне кірген жаңа елде сайлау нашар өті деп айтса, сендер қабылдағанда қайда қарадыңдар деуі мүмкін. Демократиялық құрылымдары алдын ала зерттелген. Сондықтан белгілі бір уақыттарда саяси тапсырыс деген болады. Ол халықаралық ұйымдарда да бар. Мен оны ішінен көрдім. Міне осыны «қос стандарт»  деп атаса керек. Сондықтан өз бақылаушыларымыздың берген бағасы маған жақын.

- Сайлаудың қорытындысын мойындамау Қырғызстанда, Беларусьта қандай бүлікке түрткі болғанын көрдік. Қазақстанда осыған ұқсас жағдай болуы мүмкін бе?

- Ондай жағдай болуы мүмкін. Президенттік сайлаудағы қателіктерден сабақ алмасақ, онда халықтың сайлау жүйесіне деген сенімсіздігі көшеге алып шығуы әбден мүмкін. Менің ойымша, мемлекет, билік, Орталық сайлау комиссиясы ойлануы керек. Қысқасы, қазіргі  кездегі сайлауға түсіп отырған 5 партияның бағыты бір жақта. Оған өткен сайлаудағыдай Тоқаев пен Қосанов арасындағыдай қарсылық жоқ. Бәсекелестіктің жоғары деңгейін көре алмай отырмын. Бұл жерде сайлауды пайдаланып, халықты көшеге шығарудың мүмкіндігі аз. Егер биліктің өзі бәрін бүлдіріп, сайлауды өте нашар өткізіп, қалай болса солай заңсыздықтарды жасайтын болса, реніш болуы мүмкін.

- Сайлауға бақылау жасаймыз деп, бірақ шын мәнінде сайлауды болдырмауға не оның қорытындысын (қандай болса да) жоққа шығарып, сол арқылы қоғамды арандатуға талпынатын топтар бар ма?

- Жаңағы Мұхтар Әблязовтың ДВК тобы осы сайлауды халықты көшеге шығару үшін пайдаланамыз деп ашық айтып отыр ғой. Ондай топтардың барын жоққа шығармаймыз. Ата заңда демократиялы мемлекетпіз деп жазылған. Конситуцияда пікірдің әралуандығы бар деген жазу бар ма, бар. Саяси плюрализм. Қазіргі билікке, саяси құрылымға деген әртүрлі көзқарас бар. Сол көзқарасты қолдайтын әртүрлі саяси топтар бар. Оппозициялық жұмыстың өзі екіге бөлінеді. Парламенттік оппозиция және бітіспес оппозиция немесе қарулы оппозиция. Сондықтан ондай оппозицияның түрлерінің болуы бізде әбден мүмкін. Мұны да жоққа шығара алмаймын.

- Сайлау жықындаған кезде, қоғамда да бір сілкініс болады. Осындайда бақылушылаға қандай  ұран тастар едіңіз. Осы саланың маманы ретінде не айтасыз оларға?

- Мен бір ғана ұран тастаймын. Өткен сайлаудағы бақылаушыларды, әсіресе, қоғамдық ұйымдардың бақылаушыларын түстен кейін бақылау учаскесінен шығарып жіберген. Осындай бұйрық түскен. Яғни, бақылаушыларды алып кетіңідер деп айтты. Оның ішінде біздің Азаматтық альянс бақылаушылары да болды. Саяси процесс сайлаумен тоқтап қалмайды. Әр бақылаушының алдында өз азаматтық көзқарасы, позициясы болуы керек. Ол өзінің сол жердегі сайлау жүйесін жақсартатын адам екенін түсінуі керек немесе сайлаудың әділетсіз өтуіне тосқауыл қоюға келгенін түсінуі керек. 

- Сізге басқа саяси ұйымдардан бақылаушыларды оқыту туралы ұсыныстар түстіп жатыр ма?

- Түсіп жатыр. Уақыт өте тығыз. Жалпы, бақылаушыларды сайлау жақындағанда дайындаған дұрыс. Бұрын сайлауға 2-3 күн қалғанда дайындайтынбыз. Сол уақытта сен айтқан нұсақуларың, ақыл-кеңестер есте қалады. Менің ойымша, уақыт әлі жетеді. Мен былтыр 25 күн ішінде 40 семинар өткіздім. Күніне 2 семинардан. Біздің де жасымыз келді, шаршап қаласың. Бірақ өткізуге тырыстым. Әлі уақыт жеткілікті. Менен де басқа бақылаушыларды оқытатын топтар, азаматтар жеткілікті деп ойлаймын. Бақылаушыларды жақсылап оқтып алу керек. Менің беретін ақылым осы. Бақылаушы мәдениетті болуы, жақсы білуі керек. Бұл сайлаудың жақсы өтуіне үлкен әсер етеді.

- Дос аға, сұхбатыңызға рақмет! Қолға алған әр ісіңізге береке тілейміз. Амандықта қауышайық!

Сұхбаттасқан Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары