Қар үстіне асфальт төсеген: СҚО-да жөнделген жолдардың сапасы тексерілді
Әзірге жұмысын талапқа сай орындамаған мердігер компанияларға ескерту ғана жасалды
Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында Каменный Брод елдімекенінің маңында қар үстіне асфальт төселген. Жолды жөндеу жөніндегі мемлекеттік тапсырысты ұтып алған мердігер «Комплект-Азия-Сервис» серіктестігі өз міндетін қыстың -15℃ суығында орындауды жөн санаған. Бұл туралы Аzattyq ruhy агенттігінің СҚО-дағы тілшісі хабарлайды.
Қатқан асфальт қоспасы жол үстінде қалған. Оның енді кәдеге жарау-жарамауы екіталай. Қар үстіне салынған тас төсеменің катокпен емес, күрекпен жайылғаны көрініп тұр. Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы жолдардың жағдайын «Қызылжар – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі, арнайы мониторинг тобының мүшелері және «Нұр Отан» партиясының өкілдері тексерген болатын. Жұмыс тобы осындай картинаға тап болды.
ТАЛАПҚА САЙ ТӨСЕЛМЕГЕН АСФАЛЬТ ЖАРЫЛЫП ЖАТЫР
Сапасыз жол – желге ұшқан қаражат. Қырық жамау асфальт солтүстікқазақстандықтар үшін үйреншікті жағдайға айналған. Мердігерлердің басым көбінің жұмысы халық наразылығын тудырады. Алайда одан шығатын қорытынды шамалы. Оған мониторинг тобындағы мамандар да куә болып жүр.
Тексерілген келесі нысан – «Покровка-Корнеевка-Горное» бағытындағы 20,7 шақырымдық тасжол. Орташа жөндеу жұмыстарына мемлекет қазынасынан 786,9 млн теңге бөлінген. Жол учаскесінде «Дорстрой материал LTD» компаниясы жұмыс істеген. Тапсырыс дер кезінде орындалған. Тек төселген асфальт талапқа сай болмағандықтан, жарылып үлгерген.
Жауапты серіктестік өкілі оның себебі жүк көліктері екенін айтып, күн жылынған сәтте-ақ олқылықты орнына келтірілетіні жайында кепілхат жазып берген.
МЕРДІГЕР ЖҮК КӨЛІКТЕРІН АЙЫПТАДЫ
Биыл жөндеуден өткен «Еленовка-Арыкбалык-Чистополье-Есиль» бағытындағы жол сапасы да тексерілді. Бұл учаскеде де орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. 21 шақырымнан астам жолға 1,04 млрд теңге жұмсалған. Мамандардың айтуынша, бұл жерде де жұмыс сапасыз орындалған. Олар көп уақыт өтпестен тас төсеме жарылатынын айқын аңғарылып тұрғанын айтты. Айта кеткен жөн, бұл нысан жаз уақытында тексеріліп, Жол активтері ұлттық сапа орталығы жұмыстың технологияға сай жүргізіліп жатқаны жайында мәлімет берген болатын.
«Жолдың кейбір жерлері ой-шұңқырлы болып жатқанын мойындаймын. Бұл асфальт қоспасының суық болғанының әсері. Оны ұзақ уақыт бойы тегістеу керек. Бұл жұмысты атқару кезінде қосымша уақытша айналма жол салуға қаржы қарастырылмаған. Сондықтан көліктер жөнделіп жатқан жолмен жүрді. Ауыр жүк көліктері әлі қатып үлгермеген жолда тежелгенде, беткі қабаты жылжып кетеді. Сондықтан дөң-шұңқырлар пайда болады. Мұндай учаскелердің барлығында кепілдемедегі міндет бойынша қосымша жөндеу жұмыстарын жүргіземіз», - дейді «МГА-Дорстрой» ЖШС мердігер компаниясының өкілі Артем Погасян.
Жолды қалпына келтіру жұмыстарын қадағалау техникалық бақылаумен айналысатын «Есиль-Строй-Экспертиза» серіктестігіне жүктелді.
Әзірге жұмысын талапқа сай орындамаған мердігер компанияларға ескерту ғана жасалды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаментінің баспасөз қызметі аталған фактілер бойынша тексеріс жұмыстары жүргізілетінін жеткізді.
АУДАН ӘКІМІ МЕРДІГЕРГЕ АРАША ТҮСТІ
Аталған мәселе бойынша Айыртау ауданының әкімі Дархан Әмірин Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жазды. Ол мемлекеттік тапсырысты орындаушыға араша түсті. Шенеуніктің айтуынша ақ қар-көк мұзда жол төсеген мердігер компания тарапынан ешқандай ағаттық кетпеген.
«Каменный брод ауылындағы жол жөндуе жұыстары айтар болсақ, 15 метр жер жобаға енбеген. Тұрғындардың өтініші бойынша мердігер инерттік материал мен суық асвальт төседі. Оның барлығы техникалық бақылау ұйымының бейнежазбасымен нақтыланады. «Комплект Азия Сервис» мердігер ұйымының басшылығы және техникалық қадағалаушы мамандармен бірге аталған жол учаскесіне барып көрдім. Жол сапасы туралы мамандар айтатын болады. «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдеріне рахмет. Осындай жұмыстың арқасында нәтиже жасара түсетініне сенімдімін», - деп жазды Дархан Әмірин.
Биыл Солтүстік Қазақстан облысында жергілікті маңыздағы 580 шақырым жолды күрделі жөндеу жоспарланған болатын. Республикалық деңгейдегі 478 шақрым асфальттың ой-шұңқырын түзеу межеленген. Аудандардың барлығында орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы Солтүстік Қазақстан облысында 1712 шақырым республикалық, 7026 облыстық маңыздағы жол бар. Өңірде соңғы кездері жол жөндеу мәселесінің сапасы тұрғындар мен БАҚ өкілдері тарапынан жиі көтерілетін мәселелердің біріне айналды. Осының өзі мемлекеттік тапсырыстың орындалу деңгейінде көп жайтты аңғартқандай.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО