Қарағанды облысында «Браконьер» шарасы өтіп жатыр: 10 күнде 117 заңсыздық анықталды
Іс-шара 11 қарашаға дейін жалғасады
Қарағанды облысының полицейлері мен табиғатты қорғау инспекторлары бірігіп, «Браконьер» жедел алдын алу іс шарасын өткізіп жатыр деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Рейдтік шаралар 12 қазан мен 11 қараша аралығында жүргізіледі. 21 қазанға дейін тәртіп сақшылары 117 заңсыздықтың анықталғанын айтып отыр. Браконьерлерге 600 мың теңгеден астам сомаға айыппұл салынған.
Рейдтік шараның бірінші күні-ақ полицейлер киік атқан күдіктіні ұстады. Ұлытау ауданында тексеру жүргізген сақшылар айдалада кетіп бара жатқагн жеңіл автокөлікті тоқтатпақ болады. Оның жүргізушісі полицейлерді көріп, дереу қаша жөнелген. Алайда, ұзаққа қаша алмады. Оның көлігін тексеру барысында киіктің тушасы мен аңшы мылтығы табылып, тәркіленіп алынды. Ал, ер азаматтың үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 337 бабы «заңсыз аңшылық» бойынша іс қозғалды.
Ал, 13 қазанда полицейлер мен «Охотзоопром» мемлекеттік кәсіпорнының инспекторлары өзен-көл жағаларына рейд жүргізді. Тексеру барысында Құлан өзенінен балық аулап жүрген үш азамат ұсталды. Олардың үшеуі де Ақмола облысы Қорғалжын ауданының тұрғындары болып шықты.
Браконьерлерден 5 қап балық тәркіленіп алынды, жалпы салмағы – 255 кг. Оның 194 келісі – шортан, 9 келісі- көксерке, 21 келісі – сазан және қалған 31 келісі – мөңке балығы. Сондай-ақ, полицейлер екі қап ау мен пышақ және екі үрмелі қайықты да тәркіледі.
14 қазанда Ұлытау ауданының Ақтас ауылына жақын маңда тәртіп сақшылары «Toyota Hilux» жол талғамайтын көлігін тоқтатқан. Көлік салонынан 16-калибрлі аңшы мылтығы мен атып алған екі қоян табылды.
Балықшылардың үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабы, аңшының үстінен 337-бабы бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, рейдтік шаралар бір ай көлемінде жалғасады. Бүгінге дейін полицейлер браконьерліктің 117 дерегін анықтады. Олардың 57 фактісі аң аулау ережелерін бұзу, 29 фактісі балық аулау ережелерін бұзу, 20 фактісі азаматтық қаруды сатып алу, беру, тасымалдау тәртібін бұзу, 6 фактісі қаруды заңсыз сатып алу, беру, сақтау, тасымалдау және 2 фактісі ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою болып табылады.
Ескес салайық, осы қазан айының басында Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында полицейлер орманшының өзін ұстаған болатын. Табиғатты қорғаудың орнына оның өзі аңшылықпен айналысқан. Тексеру барысында белгілі болғаны, 33 жастағы орманшы бұғыны атып алған. Өлексені 4 қазан күні табиғатты қорғаушылар тауып алып, полицияға хабар берген. Тәртіп сақшылары сол маңайда тұратын орманшыларды сұрау барысында күдіктіні анықтап ұстаған. Ол бұғыны атқанын өзі мойындады.