Алматы әкімі Тоқаевтың тапсырмасына қатысты жауап берді
Алматыда 13 ағаш заңсыз кесілген

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Төле би көшесінде заңсыз оталған ағаштарға қатысты пікір білдірді.
«23 қарашаға қараған түні «Sulpak» СҮ жанында заңсыз 13 ағаш кесілді. Бұл өрескел оқиға Президент пен қоғамның наразылығын тудырды. Қала әкімдігі ағаш кесуге рұқсат берген жоқ. Қоршаған ортаға келтірілген зақымның мөлшері есептеледі», - деп жазды қала басшысы.
Мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасы заңсыз ағаш кескені үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 340-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу ісін бастады. Іс Алмалы ауданына қарасты полиция басқармасының қарауына берілді. Алматы Полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденовке істі толығымен қарап, оның объективтілігін қамтамасыз етіп, кінәлілерді анықтап, жауапкершілікке тарту тапсырылды.
Әкімнің хабарлауынша, сауда үйінің жанындағы аумақты «Arena S» ЖШС-не қарасты (Sulpak) ЖК «Сакура» мен «Бурибекова» мердігерлерінің абаттандырғаны анықталды. «Сакура» ЖК-нің басшысы Әкімшілік кодекстің 437-бабы бойынша түнгі уақытта азаматтардың тыныштығын бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылған.
«Істің барысы туралы жұртшылықты хабардар етіп отырамыз. Бұл мәселе менің жеке бақылауымда», - деп жазды қала басшысы.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы Төле би көшесіндегі ағаштардың оталғанына қатысты жағдайға назар аударды. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевқа аталған жағдайға байланысты қызметтік тексеру жүргізіп, кінәлілерді жауапкершілікке тартуды тапсырды.
Қалалық прокуратура Төле би мен Әуезов көшелерінің қиылысындағы ағаштарды заңсыз кескендерге қатысты қылмыстық іс қозғады.