$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
24.11.2020, 11:33
Жаңалықтар

«Мақта саласын дамыту туралы» ҚР Заңының күші жойылатын болады

Мақта мәселесі алдағы уақытта толық шешімін таппақ

«Мақта саласын дамыту туралы» ҚР Заңының күші жойылатын болады
Фото: ашық дереккөзден

«Мақта саласын дамыту туралы» ҚР Заңының күші жойылды. Мұндай шешім осы саладағы әкімшілік кедергілерді азайтуға және қажетті инвестицияларды тартуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Сәкен Қаныбеков айтты.

Осы күнге дейін Парламент қабырғасында бірнеше мәрте талқыға түскен мақта мәселесі алдағы уақытта толық шешімін таппақ.

«Осыған байланысты, саладағы проблемаларды заңнамалық тұрғыдан шешу мақсатында Парламент депутаттары осы заң жобасын әзірледі. Онда бір мезгілде қолданыстағы заңнаманың нормаларына тиісті өзгерістер енгізе отырып, салалық заңның күшін жою арқылы мақта қолхаттары жүйесін қайта реттеу ұсынылады. Сонымен қатар, мақта қолхаттарын шығара отырып, қойма қызметі бойынша қызметтер көрсету жөніндегі мақта өңдеу ұйымдарының қызметін лицензиялау алып тасталады» - деді Сәкен Қаныбеков.

Халық қалаулысы аталған өзгерістерді ұсыну аясында Қытай, Пәкістан, Үндістан, Түркия сынды елдердің тәжірибелері зерделенгенін мәлім етті.

Өз кезегінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі мемлекет тарапынан қолдау алып отырған диқандарға мұндай өзгеріс еш кедергісін тигізбейтінін хабарлады.

«Мақта өсірумен айналысатын шаруалар мемлекеттік қолдаудың барлық түрлерін тиісті түрде алатын болады. Яғни тұқымдар, пестицидтер, минералды тыңайтқыштар, субсидиялау мәселелері қажетті деңгейде берілетін болады» - деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары