Жерді тиімсіз пайдаланушылардың тізімі жасалады - Ауыл шаруашылығы министрлігі
Осы тізімге кірген жер пайдаланушыларға субсидия беруге тыйым салу шаралары да қарастырылмақ
Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді басқарудың тиімділігін арттыру бағытындағы шаралармен таныстырды, деп хабарлайды Елорда Инфо ҚР АШМ ресми сайтына сілтеме жасап.
Министрдің мәліметінше, өзгерістердің басым бөлігі цифрландыру мен жаңа технологияларды енгізумен байланысты. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы саласын ашық, қарапайым және тиімді етеді.
Соңғы үш жылда аталған министрлік ауыл шаруашылығы учаскелерінің сандық кадастрын жасады. Енді министрлікте нақты аймақтағы әр егістіктің, жайылым, бақ немесе шабындық алқаптарының көлемін, сондай-ақ әр жер иесінің аты-жөні туралы ақпарат бар.
Бұдан басқа, министрлік агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін субсидиялау процесін толығымен автоматтандырды.
Жақын арада егістік пен жайылымдардың тарихы қамтылған кітапты жариялау жоспарлануда. Сондай-ақ, жерді тиімсіз пайдаланушылардың «ашық тізімін» жасау және осы тізімге кірген жер пайдаланушыларға субсидия беруге тыйым салу шаралары, 2021 жылға дейін жер беру жөніндегі баламасыз электрондық конкурстарды өткізу жүйесін енгізу, егіс пен жайылымдағы байланыс мәселесін толық шешу, АӨК жағдайын тез және сапалы талдауға және болжауға мүмкіндік беретін «үлкен деректердің» толыққанды жүйесін құру жоспарланып отыр.
Сондай-ақ Сапархан Омаров Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді басқарудың тиімділігін арттыратын шаралар қатарына ҚР Ауыл шаруашылы министрлігінің кейбір заң шығару бағытындағы бастамалары кіретінін хабарлады. Сонымен қатар пайдаланылмайтын учаскелерді қайтарып алуды жеделдету үшін министрлік заң жобасын әзірледі. Онда ҚР Ауыл шаруашлығы минисрлігіне жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау функцияларын беру, сондай-ақ пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлеріне салынатын салықтың базалық ставкасын 20 есеге арттыру ұсынылады.