Биыл 10 айда киім өндірісі 7,5% артты
Ал тоқыма бұйымдарының өндірісі 23,7% ұлғайған
Қазақстанда киім өндірісі 7,5% артты, деп хабарлайды ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.
Статистикалық деректерге тоқталсақ, ағымдағы жылдың 10 айында жеңіл өнеркәсіп өндірісінің көлемі 18,9%-ға өсіп, 87,5 млрд. теңгені құрады.
Мысалы, тоқыма бұйымдары 23,7%-ға, ал киім-кешек өндірісі - 7,5% артты. Жеңіл өнеркәсіп саласы үш негізгі топты біріктіреді, яғни, тоқыма өнеркәсібі - 52%, киім-кешек өндірісі - 38%, сондай-ақ, былғары және оған қатысты өнімдер - 10% құрайды.
«2019 жылдың 1 қыркүйектегі көрсеткіштер бойынша жеңіл өнеркәсіп бағытында 1030 кәсіпорын жұмыс істейді, олардың 96%-ы шағын кәсіпорындар, қызметкерлердің саны шамамен 11 мың адам. Елімізде жеңіл өнеркәсіп бағытында жұмыс істейтін кәсіпорындар ұлттық компаниялар, денсаулық сақтау саласындағы ұйымдарға, Қазақстанның қарулы күштері мен тәртіп сақшыларына, сондай-ақ қарапайым халыққа арналған киімдерді шығарады. Олардың қатарында сырт киімдер, ерлерге арналған костюмдер, балалар киімі, бас киім, үй тоқымасы және аяқ киімдер бар. Бұдан басқа, отандық кәсіпорындар мақта-мата иірілген жіптер мен маталар, кілем, былғары өнімдерін халыққа ұсынады», - делінген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мәліметінде.
2018 жылы бұл бағытта 5 жаңа жоба пайдалануға берілді, олардың қатарындағы екі бастама «Оңтүстік» АЭА орналасқан. Жаңа кәсіпорын 400-ден астам адамды жұмыспен қамтамасыз етті. Сонымен қатар 2019 жылы кілем және кілем бұйымдарын шығаратын «Бал тоқыма» ЖШС іске қосылып, 45 жұмыс орны ашылған.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2019 – 2021 жылдарға арналған жеңіл өнеркәсіпті дамыту бойынша жол картасын әзірледі. Сондай-ақ екінші деңгейлі банктер жеңіл өнеркәсіп бағытындағы жалпы сомасы 4,3 млрд. теңгені құрайтын 21 жобаны қолдаған.