Елордада КСРО-ның қызыл паспортымен жүрген 40 адам анықталды
Уақытылы жеке куәлігін алмаған 50 адам анықталды
Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті қалада құжаты жарамсыз және мәртебесі реттелмеген күйде тұрып жатқан 100 адамды анықтады. Бұл туралы департаменттің баспасөз қызметі хабарлайды.
Департамент таратқан мәліметке сәйкес, оның ішінде 40 адамның 1974 жылғы КСРО-ның қызыл төлқұжатымен жүргені анықталған. 50 адам уақытылы жеке куәлігін алмаса, азаматтығы жоқ 10 адам анықталған.
Полиция департаментіне Ақмола облысының 59 жастағы азаматы жүгінді. Ол 1974 жылы Кеңес Одағы тұсында алған құжатпен жүрген. Оны ҚР азаматы ретінде тану туралы материал қабылданып, азамат Қазақстан Республикасының азаматтығын алатын болды.
Көші-қон қызметі «Қорғау» қоғамдық қорымен және қалалық психикалық денсаулық орталығымен бірлесіп, құжатсыз жүрген азаматтарды анықтауды жалғастырады.