Іле Алатауы ұлттық паркіне «Сергек» камералары орнатылады
Камера арқылы туристердің тәртібі қадағаланады

Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде «Сергек» камералары қойылады. Ұлттық парктің тазалығын сақтау - басты проблемалардың бірі. Экотуризмді дамыту бойынша құрылған Қоғамдық кеңестің көшпелі отырысында Іле Алатауы паркі аумағын қоқыс қалдықтарынан тазартудың жолдары талқыланды. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің тапсырмасымен парк аумағында барлығы 31 қалдық алаңы ашылып, таудың арасына 225 контейнер қойылды. Бұдан бөлек, ұлттық парк аумағында құрғақ және дымқыл қалдықты екі бөлек таситын жаңа техника да жұмыс істейді.
«2019 жылы ұлттық паркке 300 901 адам келді. Бұл көрсеткіш артады деп күтілуде. Сондықтан 2030 жылға дейін парк аумағындағы қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау деңгейін 85%-ға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Қалдық алаңдары Алма-Арасан, Мұзтау, Қимасар, Аққайын, Қаскелең, Ақсай, Есік, Түрген және т. б. шатқалдарда орнатылды», - деп айтты «Іле Алатауы» МҰТП бас директоры Дамир Малгелдиев.
Оқи отырыңыз: «Іле Алатауы ұлттық паркін жаңалауға қаржы жетпейді»
Экология вице-министрі Ерлан Нысанбаевтың сөзінше, ұлттық парктің аумағында 30 «Эко-Сергек» камерасы орнатылады. Бұл жоба жергілікті әкімдікпен бірге жүзеге асырылады.
«Біз азаматтарымыздың табиғат аясында өзін ұстау мәдениетіне қарап, осындай шара қабылдауға мәжбүрміз. Келушілер көп қоқыс қалдырады, темекі тұқылын тастайды, жаққан отын өшірмей, өрттің шығуына себепкер болады. Вандализм фактілері де кездеседі. Әрине, «Эко-Сергекті» енгізудегі басты мақсат – айыппұл салу емес, ағарту, түсіндіру жұмыстарын жүргізу», - дейді вице-министр.
Камера тек туристерді тәртіпке салып қана қоймай, өрт шыққан кезде жедел дабыл қағып, жылдам әрекет етуге, браконьерлерді анықтауға да көмектеседі. Егер бұл тәжірибе тиімділігін көрсетсе, еліміздегі өзге де ұлттық парктерге камералар орнатылады.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы