$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
16.11.2020, 14:52
Жаңалықтар

Түркістан әуежайынан Мекке мен Ыстамбулға рейс ашу жоспарланып отыр

Жаңа әуежайда алғашқы рейс 1 желтоқсанда орындалады

Түркістан әуежайынан Мекке мен Ыстамбулға рейс ашу жоспарланып отыр
Әуежай эскизі: Түркістан облысы әкімдігі

1 желтоқсанынан бастап Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларынан Түркістан қаласына әуе рейстері ұшуды бастайды. Алғашқы рейс Нұр-Сұлтан – Түркістан – Нұр-Сұлтан бағыты бойынша орындалады. Азаматтық авиация комитеті Түркістан қаласының әуежайына тұрақты рейстер ашу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл туралы бүгін ОКҚ-да өткен баспасөз мәжілісінде облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді. 

Бастапқы кезеңде Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан Түркістанға күн сайын рейстер орындау жоспарланып отыр. Рейстерді 3 қазақстандық Fly Arystan, SCAT және Qazaq Air әуе компаниялары орындайды. Fly Arystan әуе компаниясы бұл бағыттар бойынша әуе билеттерін сатуды бастады. Fly Arystan рейстеріне әуе билеттерінің бағасы Нұр-Сұлтан және Түркістан қалалары арасында 6999 теңгеден және Алматы мен Түркістан қалалары арасында 5999 теңгеден басталады.

Түркістан қаласынан 20 шақырым жерде орналасқан халықаралық әуежай заманауи технологияларды қолдана отырып, халықаралық стандарттарға сәйкес салынған. Әуежайдың жалпы ауданы 905 гектар болса, ұшу-қону жолағы – 3 300х45 метр. Жолаушылар терминалының ауданы – 10,5 мың шаршы метр.

Алдағы уақытта Қазақстанның басқа да облыс орталығымен байланыс орнатылады. Сондай-ақ, Мекке мен Ыстамбулға рейстер ашу жоспарланған. Әуежай шетелдік авиакомпаниялардың ұшуы үшін «ашық аспан» режиміне қосылады. Бұл әуежайдан ұшу географиясын кеңейтіп, шетелдік туристер ағынын тартуға ықпал етеді.

«Әуежай салынды, толық қолданысқа берілді деп айтуға болады. Керемет әуежай, барлық стандартқа сай. Ал ұшу рейстеріне келетін болсақ, оның бәрі пандемияға байланысты болып отыр. Бірінші Түркияға ұшатын болады. Кейін бәрі реттелсе, Меккеге де рейстер ашылады. 1 желтоқсаннан бастап ішікі рейстер қосылады. Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларынан Түркістан қаласына әуе рейстері ұшуды бастайды», - деді Өмірзақ Шөкеев ОҚК-да өткен брифингте.

Серіктес жаңалықтары