Сот Атырау лифтіндегі жасөспірімдердің өліміне қатысты ешкімге жаза кеспеді
Оқиға 2018 жылдың 21 мамырында болған
Атырау соты Алмагүл шағынауданындағы №19 үйдің лифт шахтасына екі жасөспірімнің құлап кетуіне қатысты іс бойынша үкім шығарды. Сот ҚР Қылмыстық кодексінің 254-бабы бойынша «Каспий Лифт» ЖШС-нің 53 жастағы бұрынғы директоры Қаныбек Мұратбаевты кінәлі деп таныды. Бірақ істің ескіру мерзімінің өтуіне байланысты оны жазадан босатты. Бұл туралы azh.kz хабарлайды.
Сот тергеуі сотталушы Мұратбаевтың №19 үйдегі лифтілердің жұмыс істемейтінін білгенін және ақауларды жойып, тұрғындарды қауіпсіз етуге нақты мүмкіндігі болғанын анықтады. Ол сондай-ақ қызметіне немқұрайлы қарап, шартты түрде сотталуына байланысты бірнеше жыл бойы Алматыда болып, Атыраудағы лифтілердің жұмысына бақылау жасамаған. Салдарынан лифтілер істен шыққан, есіктері бекітілмей, ашық күйде қалған.
Сот ісі процессуалдық прокурорлардың, жәбірленушілердің, сотталушының және оның адвокатының қатысуымен онлайн режимінде қаралды. Прокурор Анар Абдолла Қаныбек Мұратбаевты кінәлі деп тануды және оны ескіру мерзімінің бітуіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатуды сұрады.
Жәбірленушілер сотталушыны нақты мерзіммен жазалауды, ал адвокат пен сотталушы ақтау үкімін шығаруды сұрады.
№2 қалалық сотының төрағалық етуші судьясы Зәуре Қазақбай Мұратбаевты кінәлі деп тапты. Бірақ ол өз кінәсін мойындамады, енді сот үкіміне шағымданбақ. Бұдан басқа, сот «Каспий Лифт» ЖШС-не дейін Алмагүл ықшамауданындағы лифтілерге қызмет көрсеткен «Тату» ЖК-іне қатысты қылмыстық қудалауды тоқтату туралы шешімді заңсыз деп санап, облыс прокурорының атына жеке қаулы шығарды. Сондай-ақ, қылмыстық істі тергеудің созылуына (екі жылдан астам) қатысты Атырау облысының Полиция департаментіне қатысты жеке қаулы шығарды.
«Қылмыстық кодекстің 11-бабының 2-тармағы бойынша, бұл қылмыс онша ауыр емес қылмыс ретінде белгіленген, оның бас бостандығынан айыру жазасы 5 жылдан аспайды. Сот үкімі шыққанға дейін екі жылдан астам уақыт өтті, заң бойынша бұл санаттағы қылмыстың ескіру мерзімі өтті. Сондықтан сот Мұратбаевты ҚР Қылмыстық кодексінің 254-бабы бойынша кінәлі деп тапты, бірақ оны қылмыстық жазадан босатты», - деді судья Зәуре Қазақбай.
Сот сотталушыдан процессуалдық шығындарды өндіріп алды. Сот жәбірленушілерге өтемақы қорына мәжбүрлі төлем өндірмеді, өйткені бұл төлем 2018 жылдың 1 шілдесінен кейін жасалған қылмыстық құқықбұзушылықтар үшін өндіріліп алынады. Жәбірленушілер тарапынан азаматтық талап арыз түспеді.
Еске сала кетейік, 2018 жылдың 21 мамырында Алмагүл шағынауданындағы №19 үйде жұмыс істемей тұрған жүк лифтісінің шахтасына құлап, екі жасөспірім қаза тапты. Бұл іс бойынша қылмыстық істі тергеу екі жылдан астам уақытқа созылды. Сотта жасөспірімдердің ата-аналарынан басқа, 2018 жылы Атырау қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған және коммуналдық секторға жетекшілік еткен Атырау облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Нұрлан Таубаевтан жауап алынды.